426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада коммуналдық төлемақы тарифіне қатысты мәселе күрделене түсті

  • 144
  • UPD: 11:01, 06.08.2020

Елорданың бірқатар коммуналдық мекемесі бәсекелестікті қорғайтын заңды белден басып отыр, хабарлайды «Хабар 24».

Дабыл қаққан қоғам белсенділері арнамызға хабарласып, мән-жайды түсіндірді. Айтуынша, коммуналдық ақыны жинау қызметін жергілікті билікке тиімді ұйымдар ғана іске асырады.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Осыдан тура 12 жыл бұрын коммуналдық төлемдерді өңдеумен айналысатын бірыңғай оператор – «Астана ЕРЦ» құрылған еді. Оған дейін елордалықтар түрлі есепшот-қағазға көмілетін. Иә, бір қарағанда, жұмыс жеңілдеген сияқты. Бірақ төлемақы тарифіне қатысты мәселе күрделене түсті.

Нақтырақ айтқанда, мұнда төлемақыны есептеп, қағазға басып шығару ақысы әртүрлі. Яғни, коммуналдық мекемелердің әрқайсына әртүрлі үстеме қосады. Қоғам белсенділері мұнымен келіспейді.

Жамал Доржығұлова, Пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

- Тариф 9 теңгеден бастап 85 теңгеге дейін құбылады. 85 теңге деген тіпті жаға ұстатып отыр. Яғни, біреулер әр есепшотқа қосымша 85 теңге қосып, «Астана ЕРЦ-ның» көмегімен пайда көріп отыр. Егер 10-15 коммуналдық қызметке төлейтін болсақ, орта есеппен әр есепшотқа  400 теңгені асырып төлейміз. Осылайша, көзімізді бақырайтып қойып, орта жолда ақша жымқырып отыр емес пе?!

Бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Көптеген арыз-шағымнан кейін құзырлы орган тексеріс жүргізіп, мекеменің расымен заң бұзғанын анықтаған.

Дастан Сәуменов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті департаментінің өкілі:

- Бәсекелестікті қорғау жөніндегі заңнамаға сәйкес монополиялық құзыретке ие субъектінің түрлі мекемеге түрлі тариф қоюына тыйым салынған. «Астана ЕРЦ» осы ретте заңды бұзған. Биыл Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық ауданаралық сотына «Астана ЕРЦ-ның» үстінен сот үкімін орындатуға талап қойдық. «Астана ЕРЦ» болса, бұған келіспей отыр.

Бұл «Астана ЕРЦ-ның» үстінен түскен жалғыз шағым емес. Марат Бөлекбаев басқаратын баспа бұған дейін есепшотқа жарнама орналастырып, пайда табатын. Есесіне, қағазды тегін басып, қаптайтын. Бірақ «Астана ЕРЦ» ұйымы оның қызметі қаржылық тұрғыдан тиімсіздігін айтып, бұл қызметтен бас тартқан. Кәсіпкер олардың бұл әрекеті ақылға қонбайтынын айтады. 

Марат Бөлекбаев, кәсіпкер:

- Олар заң шеңберінде өз ішінде хаттамалық тапсырма әзірледі, қай басшысы қол қойғаны есімде жоқ. Бірақ соған сәйкес қағаз қалташадан бас тарту жөнінде шешім қабылданады. Ізінше есепшотты басып шығаруға 47 млн теңге сомада мемлекеттік сатып алу байқауын жариялайды. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Біз бұл қызметті тегін ұсынсақ, олар мына жақтан қомақты қаржы шашып отыр.

Айта кетерлігі, заңды белінен басып отырған тек бұл ғана ұйым емес. 

Жамал Доржығұлова, Пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

- «Су арнасы», «Теплотранзит», «Астана ЕРЦ» – міне, қалалық әкімдіктің осы сияқты мекемелердегі үлесі 50%-ті құрайды. Мемлекеттік органның, осылайша, монополияны басқарып отырғаны ақылға сыймайды. Тұрғындар тарифке немесе монополистердің теріс әрекетін айтып кімге шағымданады дейсіз ғой? Сол саясатты жүргізіп отырған қалалық әкімдікке айтып барады. Ешкім әділдікке қол жеткізе алмай жатыр.

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова бұл мәселеге әбден қанық. Айтуынша, бұл қылмыстық топтың астыртын іс-әрекетіне ұқсайды

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әкімдіктің жанынан құрылған компанияның қарамағына барлық бюджеттік ұйымдарды береді. Ондай ұйымдарға есепшот таситын адам жалдап қажеті жоқ, тұрақты бюджет ақшасын дайын күйде ала береді. Ал, өзге жеке тұлғалармен жұмыс істейтін компаниялардың жұмысы анағұрлым қиын. Табыс тұрақсыз, шығыны көп. Сол себепті үнемі тарифті көтеруді сұрайды. Осы жерде бәсекелестіктің тепе-теңдігі сақталмайтынын байқаймыз.

Былтыр «Астанаэнергосервистің» бәсекелестік қағидасын бұзғанын айтып, депутат үкіметке сауал жолдаған еді. Нәтижесінде коммуналдық мекеме жабылды. Бірақ...

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Оның қызметі әкімдікке жақын басқа ұйымға берілді. Сонда бір компанияны жапқанымен, оның жұмысын басқасы жалғастырып жатса, бұдан не пайда? Демек, әкімдік бюджеттің қомақты қаржысынан бас тартқысы келмейді.

Сонымен, «Астана ЕРЦ-ның» қызметі мен әкімдікпен арадағы байланыс осындай айыптаулардан кейін күмән тударғаны рас. Сондықтан қос мекемеге хабарласып, жауап алуға тырысқан едік. Әзір еш нәтиже шықпады. Дегенмен, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалмас деген үміттеміз.

Авторлары: Бақыт Тотпаева, Аян Сәрсенбаев, Нұрғали Мамурбаев

Хабар 24 телеарнасы