423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да мердігерлер салғырттығынан ауыл халқы ауыз суға жарымай отыр

  • 263
  • UPD: 14:06, 08.08.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы 4 мыңнан астам тұрғыны бар Тұғыл ауылының халқы сапалы ауыз суға жарымай отыр, хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2018 жылы пайдалануға берілген су жүйесінде кемшілік көп. Қазынадан 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылыс жүргенімен, 5 айдан бері тұрғындар тіршілік нәрін тату үшін ескі құдықтарды жағалап, көшеде арба сүйреп жүр.

Мердігерлер «кепілдік мерзімі біткен жоқ, бір аптада ақауларды жөндеп, іске қосамыз», деп уәде береді. Әкімдік болса, «жауапты мекемені сотқа бергеннен басқа амал қалмады», дейді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Құдық басында халық. Бір ыдысты толтыру үшін бір кісі жарты сағаттан артық уақыт тұрады осы жерде. Бүкіл Тұғыл ауылының көшелерінде осылай құдықтар, оның өзінде бір құдықтың басында 50 адам кезекте тұрып, су алады.

Міне, 5 айдан бері тұғылдықтар осылай көше кезіп, тіршілік нәрін ескі құдықтардан іздеуге мәжбүр. «Тіпті қауіпті індет таралып, карантин шаралары күшейсе де, амалдың жоқтығынан топталып кезекке тұрамыз», дейді.

Ресми құжат бойынша Тұғыл ауылына су құбыры тартылып, пайдалануға берілді дегенмен, әлі күнге тұрғындар ескіше осылай арбамен су тасып жүр. Абырой болғанда, бұрынғы су жүйесі істен шықпаған. Сол құдықтардан тұрғындар әлі күнге осылай су тасып әлек.

Мердігерге артылар мін көп болып тұр. Ауыл тұрғындары жаңа су жүйесінің қызығын емес, шыжығын көріп отыр. Мәселен, Жүнісова Жадыраның үйіне тартылған су жүйесі дұрыс көмілмей, мына шұңқырға көктемде оның 7 жастағы мүгедек баласы құлап кетіп, жазым бола жаздаған.

Зайсан көлінің жағасында орналасқан Тұғыл ауылының халқы негізінен балық шаруашылығымен айналысады. Осыдан 2 жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы қазынадан 816 миллион теңге қаражат бөлініп, жаңадан су құбыры тартылғанда қуаныштарында шек болмапты.

Альмира Құрманбекқызы, Тұғыл ауылының тұрғыны:

- «Ақбұлақ» бағдарламасымен қабылданғанын қайтейік, біз бөркімізді аспанға атып, қанша қуансақ та, тура көлдің жағасында отырып, бір ауыз суға зәруміз. Ақшасын төлеп, әркім өз үйіне артып алса да, бір тамшы су ақпай, мынадай ауыр індет тарап жатқанда біз құр ауыз суға зар болып отырмыз.

Қайрат Бітібаев, Тұғыл ауылының тұрғыны:

- Жаңа құбыр істемейді. Сіздер келдіңіздер, «телевидение келеді» деп моторды қосты да, 2-3 күн резервуарға жинап алды ма, соны беріп жатыр. Көзбояушылық. Арықтың үстінен қазып өтті. Сапасыз, біздің талап – сапасыз нәрсені қайта істеу керек. Қалталарынан төлей ме, біздің шаруамыз жоқ, халыққа су беру керек. Үкіметтен бөлініп отырған ақшаға істеу керек.

Алмас Манабаев, Тұғыл ауылының тұрғыны:

- Бізге жаңадан су керек. 24 сағат ағу керек. Бізге сол керек. 70 мыңнан бергендер бар, не үшін? Көршілерімнің кейбіреуі қарызға кіріп, тракторшыға ақшасын беріп, 45-50 мыңнан берді ақшасын,одан кейін квитанция түк жоқ.

«Анда-сонда берілетін тіршілік нәрінің сапасыздығы жөнінде де әлденеше рет әкімдікке айттық» деп ашынады халық. Алайда, әзірге жағдай түзелмеген. Аптап ыстықта халық арбамен су тасып жүр.

Нәзипа Кешубаева, Тұғыл ауылының тұрғыны:

- Тендерді ұтып алған Нәбиев Қайрат болатын. Ақшаны алды, суды тартты. Үйге кіргіздік, есептегіш қойдық. Келісімшартқа отырдық. 5 айдың жүзі болды су көрмегелі. Міне, суды көріп тұрсыздар ғой, мынандай лай суды бізге жібереді анда-санда. Біз халық болып, жазып, шырылдаймыз сол кезде алдап су береді, көріп тұрсыздар ма, осы лай суды халық ішіп жатыр.

Қанат Халелов, мердігер компания директоры:

- Дәл қазір бізге проблема болып тұрған осы резервуар болып тұр. Айтып отырмын ғой, 13 шілдеден бастап қазір мәселе болып тұр. Ол проблеманы кеше де «Nur Otan» партиясы тарапынан комиссия келіп, сол жерде де уәде бердік, бір апта деп. Біздің есебіміз бойынша бір апта мөлшері жасауымыз керек, бітіруіміз керек. Қалай болғанда да, біздің кепілдік уақытымыз бар, 2021 жылға дейін. Ол жерде ешқандай әңгіме жоқ, келісімшарт негізінде.

Мердігерлер нысан пайдалануға берілгенде мұндай мәселелер туындамағанын, бәрі дұрыс болғанын айтып ақталады. Ал, биыл көктемнен басталған су тапшылығын жобалаушылардың кемшілігімен байланыстырады. Алайда, жақын арада олқылықтарды орнына келтіреміз деп уәде берді.

Ахмет Аққазин, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

- Осы мына істеп жатқан тірлігі дұрыс па? Ол ертең іске аса ма? Жоқ ертең қыс ішінде жарылып қала ма, жоқ болмаса мынаны ашып қайта жасау керек пе? Бұл жерде мамандандырылған бір сарапшыларға көрсетуіміз керек болып тұр. Соған жұмыс істеп жатырмыз. Сол келіп, тоқетер нүктесін қойсын деген. Өйткені бұлар мердігер болады дейді, біз өзіміз сенімсіздікпен қараймыз. 3-4 акт жаздық «ана жерде, мына жерде кемшілік» деп, істелген жоқ. Осының бәрін қазір енді жиып-теріп, сотқа берейік деп отырмыз. Бұл мәселені біз енді сот арқылы шешпесек болмайды.

Сараптама жасалып, сот бұл іс бойынша қашан және қандай шешім шығаратыны белгісіз. Ал тұғылдықтар атқарушы биліктен мынандай аптап ыстық пен карантиндік шаралар күшейген шақта тезірек ауыз су мәселесін шешуді талап етіп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы