420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарапайым заттар экономикасы: Ақтөбе облысында 172 жоба қолдау тапты

  • 192
  • UPD: 22:19, 29.08.2020

Әлемдік нарық тоқырауда тұрса да, тыңнан жол тауып, ісін дөңгелетіп жатқандар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында 172 жоба қолдау тапты.

Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып, импорттық тауардың орнын жергілікті өнімдер басатын болды.

Әлемде экономика құлдырап, ірі кәсіпорындар жұмысшылар санын қысқартуға мәжбүр болған мезетте бұл зауыт қарқынын бәсеңдеткен емес. Себебі өңірде құрылыс қарқынды. Темір-бетон өнімдерін шығаратын өндіріс орны тіпті қосымша жұмысшылар алуға мүдделі. Себебі мемлекет ұсынған жеңілдетілген бағдарламамен 800 миллион теңге несие рәсімдеп, заманауи жабдықтар алған. Нәтижесінде еңбек өнімділігі артты.  

Алдияр Бақытов, жөндеу-механикалық цехінің механигі:

– Былтыр, 2019 жылы түрік жабдығын алдық. Сағатына 120 куб дайын бетон береді. Осы жылы испан жабдығын алып жатырмыз. Оны осы жылы жұмысқа қосамыз. Сосын жылда жаңа крандар алып жатырмыз. Жұмыс көп.

Ақтөбеден бөлек, еліміздің өзге де облыстарын қамтуды көздеген балмұздақ цехі – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына иек артқандардың бірі. Нәтижесінде қосымша 40 жаңа жұмыс орны ашылып, өндірістің өрісі кеңейген. Болашақта сүт өнімдері қатарын арттыруды да көздеп отыр.

Әлия Мұхамбетова, кәсіпорын директорының орынбасары:

– Өндіруші компаниялар үшін бұл бағдарлама өте тиімді. Мәселен, біз қосымша жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өнім түрін көбейттік, балмұздақ тасуға арнайы көлік алдық. Қазір қойма салуға да мүмкіндігіміз бар.

Жыл басынан бұл бағдарлама аясында 89 жоба мақұлданған. Ал былтырдан бері 172 бастама қолдау тауып, мемлекеттік бюджеттен 18 миллиард теңге бөлініпті. Өңірде ауылшаруашылық саласы басымдыққа ие. Сондықтан 11 миллиард теңге ауыл-аймақта кәсіп жүргізуге берілген.

Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

– Облыста бұл бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы өндіріске бағытталған. Және шетелдік тауарларды алмастыруы шарт. Бұдан бөлек қазір екі жаңа жоба бойынша жеке меншік мектеп құрылысы басталды. Құны 3 миллиард теңгеден астам. 

Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама көпсалалы. Яғни бұрыннан еңбек етіп келе жатқан кәсіпорындардан бөлек, ісін енді бастағалы отырған серіктестектерге де қолдау көрсетіледі. Бастысы жергілікті нарықты қамтамасыз етіп, импорттық тауармен бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы