426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте мектеп формасын тігетін кәсіпорын шығынға батты

  • 242
  • UPD: 23:46, 31.08.2020

Кәсіпкерлер бұл іске жыл басында-ақ кірісіп, қыруар қаражат жұмсаған екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ биыл мектеп формасын кию міндеттелмегендіктен, өнімге сұраныс күрт төмендеген. Сөйтіп, шыққан шығынның орнын толтыру қиын болып тұр.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Мына дүкен жыл сайын жаңа оқу жылының алдында балаларына мектеп формасын іздеген ата-анаға лық толатын. Аяқ алып жүру мүмкін емес-тін. Ал, биыл тыныштық орнаған. Форма іздеген жан жоқ.

Мектеп формасын тігетін фабриканың директоры Әнипа Халбаева карантиннен келген шығынды есептеп отыр. Бұл жылдың кәсіпкерлер үшін өте қиын болғанын айтады.

Әнипа Халбаева, тігін фабрикасының директоры:

- Егер де бәрін 100% десек, біз қазір 10-15% мектеп формасын саттық. Қалғаны 90%-і қоймаларда жатыр. Оны қай жаққа жібереміз, қалай қыламыз, білмей қалдық.

Мектеп формасын тігуші кәсіпорын әдетте жаңа оқу жылына жылдың басында дайындалады. Қажетті маталар мен құрал-жабдықтарды қаңтар айында сатып алған екен. Көктемде тігуді бастаған. Алайда, Білім және ғылым министрлігі жақында оқушыларға мектеп формасын киюдің және оны сатып алудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

Жалғас Смағұлов, №116 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Ата-аналардан біз «мынаны ал» деп айтып жатқан жоқпыз. Өздеріне қажетті формада келеді.

Эльмира Жетібаева, қала тұрғыны:

Ол деген ата-анаға үлкен көмек. Қазір пандемия кезінде ата-аналар жұмыссыз отыр, карантинде отыр. Осыған бізге үлкен көмек болып жатыр.

Кәсіпкер мектеп формасын биыл сата алмайтынына көзі жетіп отыр. Кәсіпорын шығынынан өзге жұмысшылардың жалақысы тағы бар. Олар еңбекақысыз қаламыз ба деп алаңдайды. Фабрикада 250 адам жұмыс істеп жатыр. Басым бөлігі – әйелдер.

Ақмарал Тұрғанбаева, тігінші:

Бұл айға дейін екі ай карантинде отырдық. Қазір уақытта карантиннен шығып жатырмыз. Жоқ барлығы.

Фабрика басшылары әзірге жұмысшыларды қысқартуды қарастырып отырған жоқ. Ол тиімсіз. Себебі еңбеккерлердің іс тігуді үйренуіне, оларды оқытуға көп күш пен қаржы жұмсалған. Басқа өнім өндіруге көшудің де оңай емес екенін айтады. Қиындыққа тап болған кәсіпорын басшылары тығырықтан шығудың жолын таппай дал.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Катерина Попкова

Хабар 24 телеарнасы