426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда балалар алаңына бөлінген 224 млн теңге игерілмей тұр

  • 229
  • UPD: 00:12, 01.09.2020

Қарағанды қаласындағы «Алтын арқа» тұрғын үй кешенін абаттандыруға республикалық бюджеттен 197 миллион теңге бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ қала әкімдігі қаржы бар болса да, ауданды абаттандырудан бас тартып отыр. Бұл мәселе жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын тудырған. Себебі онсыз да үйге қамалып отырған ойын баласының бой жазып ойнайтын жері жоқ.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бұл – «Алтын арқа» деп аталатын аты дардай тұрғын үй кешенінің маңы. Аты алтын демесең, маңынан тау-тау болып үйілген қоқыс арылмайды. 2012 жылы салынған мына үйлерге көшіп келген халық о баста осында футбол, волейбол алаңдары, тіпті теннис корты болады дегенде қуанғанын жасырмайды. Бірақ қаланың қақ ортасында тұратын тұрғындардың балалары мынандай жерді ермек етіп жүр.

Марал Хасенова, қала тұрғыны:

Балаларымыз тек аулада жүреді. Қазір асфальт төсегелі самокатпен жүргісі келеді. Ал, онда машиналар қатты жүреді. Балаларға да шектеу қоя алмаймыз. Есіктің алдындағы тротуарда жүргісі келмейді. Ойнайтын жер керек әрине, тұрып жатқанымызға қанша жыл болды!?

Қамария Нұрмұхамбетова, қала тұрғыны:

- Мен балаларға жаным ашиды, олар не мектепке бара алған жоқ, ал далаға шығып ойнайтын жері жоқ. Ал, бұлар қазір әні-міне деп қысқа дейін үлгермедік дейді. Бөлінген ақша болса тыр-пыр болып кетеді ол.

Қазір осында 4 тұрғын үй бар. Алдағы уақытта шамамен 500 пәтерлі тағы 5 бірдей төрт қабатты үй салу жоспарланған. Бірақ тұрғындар мен мердігер компания өкілі үйден бұрын көлік тұрағы мен балалар алаңына мән беру керек деп есептейді.

Азамат Ақжігітов, құрылыс компаниясының директоры:

О баста 257 млн теңге қаржы бөлінген деген ақпарат бар. Кейін бюджет қысқарып, 190 млн теңге бөлген. Енді келіп 90 млн теңгені бөліп, қалған 100 млн теңгені келер жылға қалдырмақ. Келер жылға қалса, тағы өзгерістер болып, қаржы бөлінбей, бұл алаң осы бетінде қалу қаупі бар.

Жалпы кешеннің алаңын абаттандыруға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 197 миллион, облыстық бюджеттен 27 миллион теңге қаржы бөлінген. Енді бас-аяғы 224 миллион теңге тиімді игерілмесе, бюджетке қайтарылуы мүмкін. Оны құрылыс бөлімінің жетекшісі былай деп түсіндірді.

Жұмаш Байділдә, қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

- Бұл кешенде құрылысы әлі аяқталмаған тұрғын үйлер бар. Сондықтан алаңды абаттандыра алмаймыз. Себебі ертең мердігер келіп, құрылысты жалғастырамын десе, қаншама қаржы бөлінген балалар алаңның бытшытын шығарады. Бұл өз кезегінде қаржының зая кеткеніне әкеп соғады. Оған мемлекеттік орган ретінде біз жауаптымыз.

Бұл оймен келіспеген тұрғындар «алаңның сақтығына өзіміз жауап береміз» деп ант су ішіп отыр. Бірақ әкімдік өкілдері қаржының тиімді игерілуіне заң аясында өздері жауап беретіндерін айтады. Сондықтан бөлінген қаржыға алаң салып беруден ат тонын алып қашып отыр. Ал, тұрғындар болса, «енді жетекші партия мен прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіке шағым жазамыз» деп бекініп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы