420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейнеу ауданына қарасты ауылдар шөлді жерге жеміс ағаштарын егіп отыр

  • 93
  • UPD: 08:55, 01.09.2020

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына қарасты елді мекендерге ауыз су құбыры тартылып, электр кернеуі күшейтіліп жатыр. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жеті жылдан бері тоқтаусыз жүріп келеді. Бес кезеңнен тұратын ауқымды жоба аяқталуға жақын. Қазір Есет пен Төлеп ауылында суды тазартып, тарататын кешендер салынып тұр. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар ауыз суды тасып ішу машақатынан арылып, бау-бақша өсіруді қолға алды.

Мына сливаны суарып болғаннан кейін анау алма талдарды суарасың, Серік... - Ия, ия!

Талғат Жанжігітұлы - ауыз су құбыры келген бойда үй іргесін көгалдандыруды қолға алған еңбекқор азаматтың бірі. Биыл қияр-қызанақпен шектелмей алма, қараөрік, жүгеріден алғаш рет өнім аламын дейді. Кернеуі әлсіз ток егін егуге қиындық туғызып келіпті. Бейнеуден Есет ауылына 10 киловаттық электр желісі тартылғалы бері бақша суаруға арналған және өзге де тұрмыстық техниканы сатып алуды жоспарлап қойған.   

Талғат Жанжігітұлы, ауыл тұрғыны:

- Өте әлсіз болды тогымыз, жаздың күндері кондиционер қоса алмадық. Кешегі ыссыда қиын болды. Қазір шүкір ауданнан ток келіп, жағдайымыз жақсы болды. Қоссаң сөніп қалатын бұрын. Теміржол суынан су алып отырдық. Кішкене даттау су еді. Қазір ақбұлақ келіп, егінімізді егіп жақсы болып отырмыз. Су келді, енді мына огородты үлкейтеміз ғой. Аумағын кеңейтуіміз керек.

Дыбыстық қыстырма. Су тұщыту кешенінің жұмысшылары қондырғылардың жұмысын бақылап жүр.

- Есет ауылында бір мыңға тарта адам тұрады. Мұнда Еділдің суы құбырмен келеді. Оны тазарту және тарататын ғимарат үш жылда салынды. Жобаға республикалық және өңірлік бюджеттен 65 млн теңге жұмсалды. Елді мекенге 34 шақырым су құбыры тартылып, тіршілік нәрі әр үйге барып тұр. Коммуналдық нысан күтіміне онға тарта жергілікті тұрғын жауапты. Халқы төрт түлік бағып отырған ауылды электр энергиясымен қамту мәселесі де жыл аяғына дейін шешіледі.  

Ескендір Әнесов, Есет ауылының әкімі:

- Ұзындығы 58 километр 250 метр болатын аудан орталығынан Бейнеу ауылынан жоғары кернеулі электр желісін тарту аяқталды. Тәуелсіздік жылдары теміржол қуатын теміржол бағаналары арқылы пайдаланып келдік. Қазіргі таңда ток мәселесі толықтай шешілді деп айтуға болады. Сонымен қатар биыл ұзындығы 17 км 554 метр болатын ауылішілік ток желісін тарту жұмысы басталды. Ағымдығы жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

Бейнеу ауданына қарайтын Төлеп ауылына да биыл алғаш рет кернеуі 10 киловаттық ток барды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 800 млн теңгедей қаражат бөлініп, игерілді. Жарты ғасыр бұрын іргесі қаланған елді мекенде қазір 17 жеке шаруа қожалығы мал басын көбейтіп отыр. 

Бейнеубек Әбілов, Бейнеу ауданының әкімі:

- Төлеп ауылының өзі 50 жылдығын тойлады 2019 жылы. Сол ауылда ток мәселесі болды. Электр жетіспейді, себебі кезінде кішкентай село болып қалыптасты. Теміржолшылардың тогын пайдаланды. Ауыл өсіп келе жатыр, халқы көбейіп жатыр. Сондықтан бұл ауылға ток тарттық. Есет ауылына да, Төлеп ауылына да электр энергиясы мәселесі шешілді. Және бұл екі ауылға былтыр жыл аяғында ауылішілік су құбырлары тартылды. Су тазарту ғимараты орнатылды. 

Әкімнің айтуынша, Бейнеу ауданы тұрғындарының 97 проценті ауыз сумен қамтылған. Енді кезекте Ақжігіт ауылының бір бөлігіне су құбыры тартылады. Жоспар алдағы жылдары орындалса, мәселе түбегейлі шешіледі. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы