429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде мемлекет қаражатына салынған үйлердің ауласы абаттандырылмаған

  • 139
  • UPD: 00:38, 03.09.2020

Ақтөбенің жаңа шағын ауданынан пәтер алған тұрғындар, айдалада қалғандай күн кешіп отыр. Баспана мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерсе де, ауласы мүлде жасалмай қалған. Салдарынан дүкен мен жұмыстарына барып-келу мұңға айналды дейді тұрғындар. Шағымдарын құзырлы мекемелерге талай айтқан. Алайда әзір қолға алынған іс жоқ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл үйлер екі жыл бұрын тұрғызылған. Ал пәтер ішіне ауыз су, көгілдір отын және жарық алғашқы қоныстанушылардың шағымынан кейін ғана беріліпті. Осымен тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін жасалған жағдай аяқталған.

«Нұр-Ақтөбе» шағын ауданынан жаңа пәтер алып, қуаныштары қойнына сыймаған тұрғындар алғашқыда ауланың жағдайына мән бермеген. Кейіннен асфальт төселіп, балалардың ойын алаңы салынар, деп ойлаған. Алайда еш өзгеріссіз қалғанына екі жылға жуықтапты. 

Венера Рымбаева, қала тұрғыны:

- 2018-де таспырылғанымен ауласыз жасалмаған. Свет жоқ. Сосын біз әрине күттік. Нақты ешқандай нәтиже жоқ, ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Жалдамалы пәтерде тұрдық. содан кейін өзіміздің арендный пәтеріміз, конкурс бойынша. Әрине бізге қиын болды екі жақтан төлеу үшін. Сондықтан біз осы үйімізге көштік.

Қаламқас Ақбаева, қала тұрғыны:

- Шалымыз екеуміз пенсионер болсақ та, бізге де аула керек шығып, демалып отыратын. Мұнда жоқ мінеки. Мынау не? Үйіп-үйіп кетті топырақты. Айдан асып кеткен шығар. Жақын дүкенге де бара алмаймыз ғой ертең батпақта. Қыста. Осы үйдің балалары міне осы жерге ойнайды. Мынаның үстіне мінеді. Көрші дворларға барып ойнайды.

Жауапты мекемелерге түсірген шағымдарынан кейін сең қозғалғандай болып, қиыршық тастар мен құм әкелінген. Алайда оның да тау болып үйіліп жатқанына бірнеше ай болыпты.  Салдарынан осында тұратын тұрғындардың автокөліктері де үйге жақын келе алмайтын болған. Ал жарық шамдарының жоқтығынан түнде ұрлық-қарлық та белең ала бастапты. Қоқыс та уақытылы әкетілмейді. Тұрғындар бұның барлығы ауланың ретке келтірілмеуінен туған мәселе екенін айтып отыр. Ал шағымға құлақ асар ешкім жоқ.

Амангелді Өтеміс, қала тұрғыны:

- Әкімшілікке де бардық, отдел строительствоға да бардық. Бәрінің де жауаптары «жасап жатырық, жасап жатырық» дейді. Бірақ ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ мына жерде. Енді халық бара-бара шаршайды да өзі. Аз адам болып бардық. Тоже хатшы шықты, ешқандай жауап жоқ.

Бүгінде тұрғындар өздерін қалада емес, ауылда тұрғандай сезіне бастаған. Себебі, Ақтөбенің бір бөлігінде тұрса да, өркениеттен алыс жатқанымыз анық дейді. Ал билік өкілдері ауланың абаттандырылмауы осындағы үш жаңа үйге ортақ мәселе екенін айтады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылса да, ауласын ретке келтіретін медігер мекеменің әрекеті жағдайдың ушығуына әкеп тіреген.

Аслан Жарасбаев, Қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Мердігер мекеме қаржылық жағдайларына байланысты қазір өзінің міндетіне алған жұмыстарды аяқтамай отыр. Біздің тараптан аталған мекеменің мемлекеттік сатып алудығ жосықсыз қатысушысы ретінде сотқа беріліп отыр. Қазіргі таңда сот процесі жүріп жатыр. Соттың шешімін күтеміз.

Ал мердігер мекеме басшылығы өздеріне жүктелген міндеттің толық орындалатынын айтып отыр. Қазір, жұмыс атқаруға қажетті материалдар қоры жасақталған.

Бекежан Ділманов, мердігер мекеменің жетекшісі:

- Қазір тиісті келісім бар. Бізге бір апта ішінде жұмысты атқаруға уақыт берілді. Алдағы демалыс күндері техникамызды жеткізіп, істі бастаймыз. Ал ойын алаңын өз қаржымызға салатын боламыз.

Айта кетейік, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1700 пәтерлік үй салу жоспарланып отыр. Құрылыс барысында кемшілік болмау үшін бақылау күшейтілмек.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы