426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қауіпті індет кезінде Атырауда жұмыссыздар саны 3 жарым есеге артқан

  • 229
  • UPD: 08:08, 03.09.2020

Соңғы мәлімет бойынша, қалалық жұмыспен қамту орталығына тоғыз мыңға жуық азамат тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрсеткіштердің өсуіне өңірдегі мұнай кен орындарындағы жұмысшылар санының қысқартылуы әсер етіп отыр.

1 наурызда 2 мыңнан астам атыраулық жұмыс іздесе, олардың саны қыркүйек айында 9 мыңға жетті. Алайда екі қолға бір күрек іздеп келгендерді ұсынылған жұмыс қанағаттандырмайтын көрінеді. Бірінің мамандығы сәйкес келмесе, бірі жалақысын азсынады.

Нариман Сәлімов, қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

– Барлық мекемедегі жұмыс ауқымының төмендеуіне байланысты, жұмысшыларды жұмыстан қысқартылу жүргізілуде. Бұл жұмыссыздар санының артуына, елімізде халықтың әлеуметтік ахуалының төмендеуіне әкеліп соқтырып отыр. Үлкен кен орындарына, бұрынғыдай мұнайдың айналасында сұраныстар жоқ. Сол себепті тұрғындарды жұмыспен қамтуға кедергі келтіріп отыр.

Қауіпті індет кезінде жұмысынан қағылғандардың бірі – Елена Ералина. Қазір шаһардағы оқу орталықтарының бірінде тігінші мамандығын меңгеріп жүр. Білімін жетілдіргеннен кейін тігін цехын ашып, бизнесімді бастасам дейді. 

Елена Ералина, қала тұрғыны:

– Орталықта 2 ай оқып, білімімді жетілдіргеннен кейін өз тігін цехымды ашсам ба деймін. Карантин кезінде жұмыстан қалып қойдық. Енді осы жерден оқып шығып, кәсібімді дөңгелетпекпін. Тігіншілікті толық меңгеруді мақсат еттім.

Қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелген 9000 азаматтың 2000-ы қазір қызметке орналасқан. Сондай-ақ жұмыссыздардың басым бөлігін аудандардағы инфрақұрылымдық жобаларға тарту жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы