428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр

  • 259
  • UPD: 23:12, 03.09.2020

Олардың 30%-і жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын бұл медициналық қызмет түрін тегін алу үшін мемлекеттен 1000 квота бөлінеді. Бұл ана болғысы келетін әйелдердің бәріне жете бермейді. Президенттің биылғы Жолдауында жасанды ұрықтандыруға квотаны 7 есе арттыруға пәрмен бергені талай отбасының үмітін оятты.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Перизат Мешітбаева 10 жылдан бері бала көтере алмай келеді. Осыған дейінгі ем нәтиже бермеген соң ол жасанды ұрықтандыру жасатуға бел буыпты. Алайда, ақылы қызметтің құны қымбат. Ал, тегін жасату үшін квотаны 4 жыл күткен.

Перизат Мешітбаева, емделуші:

- Кезек көп, ол жақта, өте. Өйткені квотаның берілетін саны 1000 ғана. Бәріне бірдей жетпейді. Енді естіп, қуанып жатырмыз. 7 мың квота беріледі дегені Тоқаевтың «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы. Он жыл бойы күттік. Болады ғой, кейбір кісілер отбасынан ажырап кетіп жатады. Соған мүмкіндік бермей, осындай клиникалардың арқасында үмітіміз өте зор.

Құны 1 миллион теңгеден асатын бұл медициналық қызметті елімізде 2010 жылдан бері мемлекет есебінен тегін алуға мүмкіндік бар. Алғашқы жылдары 100 отбасы репродуктивті технологиялар арқылы нәрестелі болған. Квота саны жыл сайын өскенімен, сұраныс та азаймай отыр. 

Тамара Жүсіпәлиева, Репродуктивті медицина институтының бас директоры:

- Әйелдер квотаға кезекке тұрады да, оны 3-4 жыл күтеді. Бұл уақытта бәрі кеш болуы мүмкін. Мәселен, 28 жаста тұрса, кезегі келгенде жасы 32-де болады. Өкінішке орай, уақыт өткен сайын әйелдің бала көтеру мүмкіндігі де азаяды. 2021 жылдан бастап квота санын 7 мыңға жеткізу туралы шешім біз үшін күтпеген жағдай болды. Осы екі күнде бізге хабарласқан, үмітін жеткізген әйелдерде есеп жоқ.

Ия, «Аңсаған сәби» бағдарламасы нәресте сүюді армандаған көптеген отбасының үмітін оятқаны анық. «Енді медициналық жолмен балалы болу үшін 3-4 жыл күтудің қажеті жоқ», - дейді мамандар. Квотаға бір жылда қол жеткізуге болады. Ал, сапалы қызмет көрсетуге медицинаның әлеуеті жеткілікті.

Ләззат Айтхожина, репродуктолог:

- Ерлер бедеулігінде микротез операциясы жасалады. Және генетикалық эмбриондарды толықтай тексеретін жағдайдамыз бар қазір. Яғни, жатырға орналастырмай жатып эмбрионның денсаулығын тексеріп бере аламыз. Салуға бола ма, болмай ма, әрине, мұның бәрі ақылы.

Статистика сүйенсек, ажырасқан отбасылардың 20%-і бала болмағандықтан екі жаққа кетеді екен. «Сондықтан жасанды ұрықтандыру арқылы балалы болу мыңдаған отбасыны сақтап қалады», - дейді мамандар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы