421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық мемлекеттік қызметкерлер мен олардың туыстары шетелде есепшот ашпауы тиіс

  • 171
  • UPD: 10:43, 05.09.2020

Өзге елден төлқұжат та алмауы керек. Мұндай тыйым бұрын-соңды болмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында Президент жариялаған Жолдаудан кейін Үкімет осындай талап қойып отыр.

Әлемнің кез келген жеріндегі офшорлық аймақтар енді Қазақстан Үкіметінің назарында болады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 40-қа жуық мемлекеттен қалаған мәлімет алынады. Бүгін осылай деп мәлімдеген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов шекара асқан жемқорлардың да соңына түсетінін айтты. Президент тапсырмасына сай жыл соңына дейін шенеунік атаулының және олардың туыстарының жасырын шоттары тексеріледі.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Президент тапсырмасына сәйкес көлеңкелі экономикамен күрес жоспары түзіледі. Офшорлы аймақтарға ақша аудару тұрғысында заң нормалары қатаңдатылады. Жыл соңына дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің салық органдарынан заңды және жеке тұлғалардың қаржы есепшоттары туралы алғашқы мәліметті аламыз. Біздің ел азаматтарының сырт елдерге шығарған қаржысы жайлы толыққанды ақпарат болады.

Осы күні халықаралық сарапшылар тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан 167 миллиард АҚШ доллары шығарылғанын айтып жүр. Бұл мәлімет шындыққа жанасса, онда еліміздің кемінде 5 жылдық бюджеті шетел асты деген сөз. Себебі әлгі соманы ұлттық валютамызға шақсақ, 66 триллион 466 миллард теңге шығады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ішкі өніміміздің көлемі – 165 млрд доллар. Яғни пара-пар. Меніңше, бұл кездейсоқ емес. Жемқорлар шығарған өнімнің бағасы. Оны қайтарсақ, еліміз екі есе байып кетеді. Мемлекет басшысының бизнесті қолдау тапсырмасына 200 млрд теңге бөлінді. Ана жерде 167 млрд доллар жатыр.

Мәжіліс депутаты бұл қыруар қаржының елге уақытылы қайтарылмай жүргеніне налиды. Үкіметтің қауқарсыздығы немесе заңның осалдығы шығар, әйтеуір 167 млрд доллардың тек 80 миллионы ғана бюджет бүйірін толықтырған дейді. Саясаттанушы Марат Башимов те осы пікірмен келіседі.

Марат Башимов, саясаттанушы:

– Құзіретті органдарға мақсат қойса, табуға мүмкіншіліктері бар. Бәрі біледі. Қанша қаржы кетіп отырғанына ешкім сенбейді. Комитеттер, бақылау органдары бар. Сол үшін органдарға Президент айтқандай, жұмыстарын өзгерту керек. Сонда ғана мақсатымызға жетеді. Шынын айтса, қиын дейді. Мен сенбеймін. 

Қалай десек те, мемлекеттік орган және ұлттық компания басшылары енді елден қаржы шығара алмайды. Салық органдары әрбір қаржы операциясын бақылап отырады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазір батыс мемлекеттерде белгісіз шыққан байлық деген ұғым пайда болды. Егер лауазымды тұлғалардың ақшасы қайдан шыққанын түсініктеме берілмесе, бұл қаражат заңсыз тапқан деп белгіленеді және конфискацияға жатады. Міне осыны енгізуіміз керек.

Тағы бір жаңашылдық, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме басшыларының екінші ел азаматтығын алуына тыйым салынды. Олай болған жағдайда, қызметтерінен босатылып, жауапкершілікке тартылады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы