420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда көшелеріне жалпы ұзындығы 102 шақырым тротуар салынып жатыр

  • 130
  • UPD: 09:56, 08.09.2020

Қызылорда қаласындағы кейбір көшелерге жарты ғасырдан бері алғаш рет тротуарлар салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, жаяу жүргіншілерге ыңғайсыз көшелер облыс орталығында әлі де жеткілікті. Айтулы мәселе қашан, қалай шешімін табады?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Нұрлан Берденов Қызылорда қаласын бойлай өтіп жатқан темір жолдың арғы бет бөлігінде тұрады. «55 жылдан бері Жанқожа батыр көшесінің тұрғынымын», дейді ол. Алайда осы маңда көше пайда болғалы бері тротуар салынбапты. Көп жылдан бері қиындық көрген тұрғындар мәселесі биыл ғана шешімін тапты.

Нұрлан Берденов, қала тұрғыны:

- Жаңбыр, қар жауған кезде көп қиыншылық туғызады ғой. Балалар мектепке екі аяқ киім алып барады. Мынау біткеннен кейін қояды ғой оны. Мектеп таза болады, балалардың жүріп-тұруы таза болады. Сосын мына жерге бір жаяу жүргінші жолағын қойып берсе, немерелерім өтеді, 4-5 немерем бар.

Тротуар болмаған соң жаяу жүргіншілердің көшені жиектейтіні белгілі. Бұл адам өмірі үшін аса қауіпті.

Жақсылық Досбол, қала тұрғыны:

- Негізі, алдыңғы жылдары жол апаты, адам қағып кету сияқты оқиғалар болған. Көбінесе балалар ғой, ересектер жүре береді ғой. Балаларға осы көше жақсы болды, жаяу жүргіншілерге де.

Биыл Қызылорда қаласында жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайтын 68 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып жатыр. Бірінші кезекте тұрғындар сұранысына сәйкес адам легі көп мектеп, балабақша, спорт кешендері секілді әлеуметтік маңызды нысандардың маңы қамтылады.

Елмұрат Рахматуллаев, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі кәсіпкерлік нысандары бар, тұрғын үйлер бар, өздері жаңағы алдарын заңсыз қоршап алуларына байланысты ол кісілердің мүлкіне зиянымызды тигізбеу мақсатында біз мердігер мекемелер кейбір жерлерді кішірейтіп, кейбір жерлерді үлкейтіп бара жатқан жайы бар. Біз оны арнайы тексеруші орган бар. Техникалық сапасын қадағалаушы мекеме бар. Біз барып, басына комиссиямен қарап, жан-жақты шешім қабылдап жатырмыз. Негізі енін барынша, қолдан келгенше үлкейтуге жұмыс жасап жатырмыз.

«Әдетте шаңы бұрқырап, жауын жауса ми батпаққа айналатын көше жиектерін ретке келтіру жұмыстары келесі жылы да қарқынын жоғалтпайды», - дейді мамандар. Өйткені облыс орталығында көлік нөпірі мен адам шоғыры көп әлі біраз көшеге тротуар қажет.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы