420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде коронавирустың екінші толқынына дайындық пысықталды

  • 85
  • UPD: 10:36, 10.09.2020

Еліміздің кей өңірлерінде коронавирус инфекциясының кезекті кезеңіне дайындық басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек Ақтөбе облысының өзінде 4 мыңға жуық кереует қоры жасақталмақ. Қауіпті індетпен күреске болашақ дәрігерлерді де тарту көзделіп отыр. Себебі аймақта әлі 140 маманның жетпейтіндігі анықталған

Медицина университетінің студенті Бақыт Қанатов фтизиопульмонологиялық орталыққа қауіпті вирус өршіп тұрған маусым айында келген. Күніне жүздеген адамды қабылдаған сол кездегі аурухананың тіршілігі алғашқыда қиын болғанын жасырмайды. Бірақ жұмыс режиміне тез үйреніп, науқастардың айығуына көмек көрсетіпті. Болашақ реанимотолог қазір де теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып жүр. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін де осында қалып, еңбек етпек ойы бар. 

Бақыт Қанатов, студент:

- Клиникалық базаға келгелі біраз тәжірибе жинадық. Жансақтау, интенсивті терапия .Бұл жақта өте жағдай ауыр адамдар жатады. Жұмыс барысында стресс алған кезіміз болды. Қазір бәрін жеңдік.

Бақыт секілді қазір ондаған болашақ дәрігер медицина ұйымдарында тәжірибеден өтіп жатыр. Себебі індеттің екінші толқыны басталса, қажетті мамандар даярлайтын оқу орнынан қосымша күш тарту көзделіп отыр. Негізінен эпидемиолог, анестезиолог, реанимотолог және инфекционист секілді 140-қа жуық қызметкер керек. Ал науқастарды қабылдайтын ауруханалар бір ай көлемінде толық дайын болмақ. Мәселен, індеттің алғашқы кезеңінде 2,5 мыңға жуық адам жатып шыққан туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 500 кереует қорын жасақтау жоспарланған. Сондай-ақ мекеме жанында ауа өңдеу станциясы пайда болады.

Ерлан Тәтімов, облыстық Фтизиопульмонологиялық орталықтың директоры:

- Осында 40 тоннаға арналған өңдейтін бекет қойылады. Кадр болса жеткілікті. Күнбе-күн түскен науқастарды емдеуге бейімдеп, соның арқасында жақсы нәтижеге жетеміз деген ой бар. Біз емдеу шараларына дайынбыз.

Ақтөбеден өзге аудандардағы ауруханаларды да әзірлеу көзделген. Барлығы да қажетті аппараттармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталмақ. Дәрігерлер қауіпті дерттің келесі кезеңі күздің соңғы айларында басталады деп болжауда. 

Бекболат Ізбасаров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Коронавирустың екінші толқыны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша қараша және желтоқсан айларына тұспа-тұс келеді. Бұған дайындық шаралары аясында 3903 кереует дайындап отырмыз. Оның ішінде 401-і – реанимациялық кереует. Сонымен қатар 25 медициналық ұйым науқастарды қабылдауға әзірленіп жатыр.

Әзірге өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Індет жайлаған кезеңде дертке шалдыққан 3 мыңнан астам ақтөбеліктің 93% емделіп шыққан. Қазір стационарларда 180-нен астам адам ем қабылдап жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы