421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтандағы «Ақылды үйдің» қасбеті тұрғындар мазасын қашырды

  • 89
  • UPD: 12:19, 10.09.2020

«Smart house» қазақшалағанда «Ақылды үй» деп аталатын тұрғын үй кешенінің қолданысқа берілгеніне небары екі-ақ жыл.

Қасбеті шыдас бермей, түсіп жатыр. Желдету жүйесі де дұрыс жасалмаған. Тіпті ақылды үйдің қабырғасын жылытуға не ақыл, не материал жетпеген көрінеді. Бұған Дана Мирашеваның сөзі куә. Жаңа үйге қоныстанған келіншектің балалары пневмониямен ауруханадан бір-ақ шыққан.

Дана Мирашева «Smart house» ТҮК тұрғыны:

- Ол кезде кіші қызым бірге де толмаған, ал үлкенім төртте еді. Осы қыста екеуінің де өкпесі қабынып, ауырды. Түсінесіз бе, пәтер іші соншалықты суық болып, үйден шықпай, пневмониямен ауырды. Биыл жазда үй жөндеушілерді шақырып, терезенің алдын ашқыздым. Қарасақ, қабырғаның арасы үңірейіп тұр, жылыту материалдарын мүлде қоймаған.

Айтпақшы, мұнда көлікпен жету үшін біраз бас қатыруға дайын болыңыз. Өйткені кешенге апаратын не одан шығаратын жол жоқтың қасы.

Ғабдулкәрім Әйткенов, «Smart house» ТҮК тұрғыны:

- Мына жерде Түркістан көшесіне жол болуы керек еді. Мына шығатын жол «Парк Отель» салып жатқан жерге кіретін жол болуы керек.

Сөйтсе, әу бастан жолға деп қарастырылған жерді «ақылды үйге» көршілес кешендердің құрылысшылары меншіктеп алған. Есіл ауданының әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Шешімін табудың жолын белгілеп те қойды. Әкімдік үйдің іргесіндегі басқа тұрғын үй кешенінен жерді қайта сатып алып, көлік қатынайтын жол төсемекші. Бұған келер жылы бюджеттен 200 млн теңге жұмсалатын болады. Жобалау кезінде қалайша жол салуды ұмыт қалғаны жайлы сұрағанымызда әкім былай деп тіл қатты.

Берік Жәкенов, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі:

- Қала құрылысына жауапты мекеме бар, құрылыс нормалары бар. Неліктен бұлай болғанын айта алмаймын. Бұл аудан әкімдігінің құзырындағы мәселе емес. Қала құрылысы мәселесіне арналған тұтас бір кеңес бар. Егжей-тегжейлі жоспарға өзгерістерді сол кеңес енгізеді.

Үйдің сапасы мен жол салудағы келеңсіздікке қатысты көкейдегі осы сауалды құрылысшы-мердігерге де жолдадық. Дәлірек айтқанда, нысанды тапсырғандағы тұрғын үй құрылысы кооперативінің басшысына хабарластық.

Қанат Абзалиев, «Smart housе – Ақылды үй» тұрғын үй құрылысы кооперативінің бұрынғы басшысы:

- Кімнің үстінен шағымданып жатқаны түсініксіз. Үйді бас мердігер салады. Мен дәрігермін. Тұрғын үй құрылысы кооперативінің төрағасы болғанмын. Егер мемлекет үйді қабылдаса, демек үйдің дұрыс болғаны. Біріншіден, он рет сот ісі өтті. Барлығы жақсы салынған деген шешім шығарды. Адамдар шулап, қоқан-лоқы көрсетіп, кәсіпкерлерден ақша алғысы келеді.

Қолданысқа берілмес бұрын кез келген үйді мемлекеттік комиссия қабылдайды. Мысалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған келесі үйді де арнайы комиссия қабылдаған еді. Үйдің қазіргі жағдайы адам шошырлық. Үгілген қасбетінің кірпіші әзірге ит-құсты ғана мерт қылды. Қатты жел тұрғанда жан-жаққа ұшатын кірпіштің адам басына құламасына кім кепіл? Десе де, осындан 7 жыл бұрын мұндай кепілді берген комиссияның тізімін сұраттық. Сол кездегі Мемлекеттік сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасының басшысына қоңырау шалдық. Қызметінен әлдеқашан ауысқан шенеунік бұл нысанның есінде қалмағанын ашып айтты. 

Қайрат Бейсембаев, Іле 30/1 үйін қабылдаған  мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары:

- Ол жерде жылына 2000-нан астам нысан салынып жататын еді. Оның барлығын ойда сақтау мүмкін емес. Сол үшін елордадағы әр нысанды жақсы білетін Құлышевқа хабарласыңыздар.

Иә, жаңадан бой көтерген әр нысанды есте сақтау қиын шығар. Мәлім болғандай сапасы нашар үйді қабылдаған комиссия мүшелерін заң бойынша жауапқа тарту да қиын.

Айсана Сман, заңгер:

- Қол қойып қабылдайтын комиссияны жауапкершілікке тартуға бола ма? Жалпы тәжірибеде бұлай болмаған. Бірақ жауапкершілікке тартуға болады. Заңнама бойынша өзінің әс-әрекетіне, өзінің қызметіне дұрыс қарамаған лауазымды тұлғалар мен шенеуніктерді жауапкершілікке тартуға болады.

Нақтырақ айтқанда, Қылмыстық кодекстің 278-бабына сәйкес адам денсаулығына нұқсан келгенде немесе абайсызда кісі өліміне әкеп соққан жағдайда ғана комиссия заң алдында жауап беруі мүмкін. 30 жылда мұндай жағдай тек бір рет 2012 жылы Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үйі құлаған кезде болған еді.

Кей мәселе іс насырға шапқа кезде ғана шешімін табуы мүмкін. Оған дейін өз ісіне салғырт қарап, тіпті «күл болмасаң, бүл бол» дейтіндердің кесірі қарапайым халыққа тиюде.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ермек Кеншімбек, Бота Жұманова

Хабар 24 телеарнасы