429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда қабірлерді бұзған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • 122
  • UPD: 10:06, 16.09.2020

Қарағандыда бейіт басына жүк көлігімен кіріп, 12 қабірдің тас-талқанын шығарған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда күдікті әлі күнге ұсталмаған. Сәйкесінше бұл жаға ұстатарлық жайт не қасақана жасалғаны, не абайсызда болғаны белгісіз.

– Менің күйеуімнің басына жарты-ақ метр қалыпты. Қасында бір біттей 12 жастағы бала бар екен, сонікін соғып кетіпті. Мен Астанаға балаларға барғам, осыны ести салып, таксимен келдім. Бірақ енді аналарға да жүрегім ауырып тұр балам-ау.

Бүгін қабір басына келген тек Әсима Қаппасованың емес, кез келген адамның жүрек тұсы селт еткені рас. Айдың-күннің аманында әруақтардың тынышын қашырған кім деген сауал әркімнің көкейінде тұр. Соның бірі – Сейітжан Алдияр. Бүгін әкесін екінші рет жер қойнына тапсырғандай екіұдай қайғылы күйде тұр.

Сейітжан Алдияров, қала тұрғыны:

– Бүгін таңертең шешейді алып келдім. Таңертеңгі жағдайды сөзбен айту қиын. Кім істесе де, оны қарғамаймыз ғой. Тек келіп, айтса, түсінетін едік. Бұл ескі жараны қайта ашқан сияқты. 4 жыл бұрын болған оқиғаны қайта еске салды.

Полицейлер осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тек мұның да өз қиындығы бар. Себебі қорым қала сыртында болғандықтан, не бейнекамера жоқ, не қандай да бір белгі қалмаған.

Болатбек Сағынаев, С.М.Киров атындағы ПБ басшысының орынбасары:

– Тергеу тобын шақырып, оқиға орнын қарап, 314-бап бойынша іс қозғадық. Бүгін де кешеде бардым. Туыстары жүр. Сөйлестім. Бүгін келіп арыз жазады.

Оқиға орнына келген молдалар да зардап шеккен әрбір бейіттің басына барып құран бағыштап, туыстарын сабырға шақырып жүр. «Шариғат бойынша құлаған қабір басын қалыпқа келтіруге еш шектеу жоқ», – дейді олар.

Қоныскерей Құмарұлы, наиб имам:

– Бұл – ойламаған тосын жағдай. Сондықтан, әрине, бұл әр мұсылманның көңіліне қаяу келтіреді. Кейде үлкендер: «Қабірді жаңартуға болмайды», – деп айтып жатады.

Ал әкімдік мамандары: «Қазір мұнда марқұмдар жерленбейді», – дейді. Сәйкесінше олар тек аумақты және қабірге кіреберіс жолдарды тазартуды қамтамасыз етеді. Ал мемлекет есебінен күзет қою қарастырылмаған екен.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы