429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарқынды құрылыс пен тығыз орналасқан үйлер ауаның алмасуына кедергі – алматылықтар

  • 122
  • UPD: 20:41, 16.09.2020

80-жылдары Алматыда таудан ескен самал жел секундына 15 метрге дейін жететін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қоңырсалқын желдің әсері 2 метрден аспайды. Қарқынды құрылыс пен тығыз орналасқан үйлер мегаполисте ауаның алмасуына кедергі келтіреді дейді қала тұрғындары.

Қаланың әр ауданынан жиналған белсенді топ мүшелерінің айтуынша, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандары жетерлік. Мәселен, Әуезов ауданындағы Чернов көшесінің бойына көпқабатты үй тұрғызу үшін шұңқыр қазылған. Жеке үйлерде тұратын тұрғындар, құрылыс қоршауы жолды жауып, үйімізге жету мұң болды дейді. Ал ең сорақысы, құрылыс алаңы Үлкен Алматы өзенінің дәл жанында тұр. Бұл маңда жерасты сулары бары анық. Сондықтан салынатын нысандар қисайған үйлердің қатарын көбейтпесіне кім кепіл дейді тұрғындар.

Любовь Галушкина, қала тұрғыны:

– Мұнда заңсыздықтар өте көп. Құрылыс судан қорғау аймағында жүргізілуде. Заң бойынша, тұрғынжайлар жағалаудан 35 метр қашық болуы тиіс. Ал мұнда 17 метр жерде қазандық қазылған. Сондай-ақ компанияның құрылыс жүргізуге ешқандай құжаты болмай шықты.

Жоспарланған нысанның рұқсат құжаты жоқ екенін қалалық архитектура және құрылыс бақылау басқармасы да растап отыр. Шағын кәсіпкерлік нысанға жататындықтан, мердігер компанияны тексеруге мараторий қолбайлау дейді мамандар. 

Қосай Сандыбаев, құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

–2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіші және микрокәсіпкерлікке тексеру жүргізуге мораторий жарияланған болатын. Сол себепті қазіргі таңда тексеріп, шара қолдану мүмкіндігі бомай тұр. Алайда тұрғындардың арызымен шығып, ол жердің құрылысын уақытша тоқтатып қойдық. Рұқсат қағаздары болмағандықтан.

Таулы қырат тұрғындары, Жамақаев көшесінің бойындағы екі қабатты қонақ үйді инфекциялық стационарға айналдыруға қарсы. Себебі ғимарат тұрғын үйлерге өте жақын орналасқан. Тар көшеде кешкі уақытта көліктер сағаттап кептелісте тұрады. Стационар ашылса, жедел жәрдем науқастарды қалай жеткізбек дейді наразы тұрғындар. Айта кетейік, қонақ үйдің коронавирустық стационарға бейімделетіні туралы қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын.

Сәуле Көпжанова, қала тұрғыны:

– Бұрын бұл ғимарат жеке тұрғын үй болған. Кейін қонақ үй ретінде жұмыс істеді. Енді коронавирустан емдейтін инфекциялық стационарға айналдырмақ. Мұндай медициналық мекемелер көпшілік ортадан оқшау тұруы керек емес пе? Нысанның желдеткіш жүйесі де көрші үйлерге бағытталған. Бұл жұқпалы аурудың таралуына әкеледі.

Тұрғындардың шағымын жеткізіп, қала әкімдігіне сауал жолдаған едік. Бүгін осы мәселеге байланысты жиын өтіп, оң нәтиже шығарылды. 

Қасымхан Алпысбайұлы, Медеу ауданының бас санитарлық дәрігері:

– Құрылыс сәулет талаптарына сәйкес қызыл сызықтан 30 метрден кем емес және тұрғын үй және де басқа да әкімшілік ғимараттан 50 метр арақашықтықта орналасу керек. Ол нысан бұл талаптарға сәйкес емес, сондықтан оған біз рұқсат бермейміз. Бүгінгі күнге дейін департамент тарапынан біздің аудандық басқарма тарапынан оларға ешқандай қорытынды берілген жоқ.

Аудандық бас санитардың сөзіне сенсек, ашылуы 1 қазанға жоспарланған коронавирустық стационар енді болмайды. Демек тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарынбаев, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы