420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында тұрмыстық қалдықтар мәселесі шешілмей келеді

  • 38
  • UPD: 21:35, 17.09.2020

Ақмола облысында бірнеше жылдан бері тұрмыстық қалдықтар төгетін полигон мәселесі шешілмей келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Аймақта 130 қоқыс алаңы бар. Олардың тек 26-сы ғана тиісті рұқсат қағазымен жұмыс істейді. Өзгесінің қызметі заңсыз.

Көкшетаулықтар Бірлік шағын ауданы маңындағы ескі полигонның былығынан енді ғана құтылдық па дегенде тағы бір проблемаға тап болатын түрі бар. Себебі Қызыл жар ауылының сыртындағы тұрмыстық қалдықтарға арналған аумақ та қазір толуға шақ тұр. Ал оның рұқсат мерзімі екі айдан соң бітеді.

Болатбек Қажығалиев, учаске басшысы:

– Полигон толып тұр. Енді осыны әрі қарай жалғастыру бойынша мәселені келесі адам шешеді. Қолымыздан келгенін жасадық. Қалдықтарды сұрыптап, әрі қарай пайдаға асыруға дайындап жатырмыз.

Ал бұл мәселеге жауапты жергілікті билік өкілдері: «Қазір облыстық деңгейде жаңа полигонның құжаты әзірленіп жатыр» – дейді.

Алайда оны салу үшін 6,5 млрд теңгеден астам қаражат қажет екен. Мұндай қыруар қаржы республикалық бюджеттен бөлініп жатса, құрылыс 1,5-2 жыл ішінде аяқталатын көрінеді.

Ербол Төлеуов, қала әкімінің орынбасары:

– Бірақ полигон мәселесі бойынша жер комиссиясына шығып, қосымша жер бөлінуін сұрадық. Келесісі салынғанша осы полигонды қолданамыз. Басқа жер жоқ.

Мұндай мәселе тек облыс орталығында ғана емес, көптеген ауданда да бар. Тіпті курортты аймақ Бурабайдың өзінде бұл проблема бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Одан бөлек өңірде тұрғындардың елді мекен сыртына күл-қоқыс төгуі жиілеп кеткен. «Облыс бойынша осындай 1590 жер анықталды», – дейді мамандар. Абырой болғанда, экологтардың араласуымен олардың жартысынан астамы жойылған.

Әбілжан Тоқанов, қоғамдық бірлестік төрағасы:

– Заңсыз күл-қоқыс төгу орындарының қоршаған ортаға зияны көп. Мәселен, мұндағы улы заттар топыраққа сіңіп, жерасты суларына дейін жетуі мүмкін. Нәтижесінде өзендер мен көлдер ластанады. Одан кейін гельменттер, бактериялар мен микробтар адамды түрлі инфекциялық ауруларға шалдықтыруы ғажап емес.

«Ашық жатқан қалдықтардан ауаға да улы газ таралады», – дейді білікті эколог. Қоғам белсендісі бұл мәселе қоқысты о баста сұрыптап жинап, оларды толықтай қайта өңдеу ісі қолға алынғанда ғана шешілетінін айтады. Көзін тауып кіріссе, пластик пен қағазды ғана емес, тамақ қалдықтарын да өңдеуге болады. Алайда мұндай шара қазір аймақта мүлдем қолданылып жатқан жоқ. Сондықтан күл-қоқыс проблемасы бүгін-ертең бітетінге ұқсамайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы