428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 25%-ке артқан

  • 179
Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 25%-ке артқан

Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жаза күшейтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түйткілдің шешілмеуі арызданушылардың берген шағымын қайтарып алуына да байланысты. Мұндайда полицияда амал жоқ. Жай ескертумен шектеледі. Бірақ бір басталған отбасылық жанжал кейін де тоқтамайды. Соңы қайғылы жағдаймен аяқталады.

Жыл басынан бері полицияға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 130 мың шағым түскен. Оның 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шамамен 30 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған жағдайларда шағымданушы жақ арызын кері қайтарып алған. Бұл туралы бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтты.

Алексей Калайчиди, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Оқиға орнына келетін учаскелік полиция бірінші кезекте көршілері арасында сауалнама жүргізіп, жанжал болған отбасы туралы жан-жақты сұрастырады. Зардап шегушінің сол кездегі психологиялық жағдайы тексеріледі. Кейін ортақ бұйрыққа сай озбырға 30 тәулікке қорғау нұсқамасы шығарылады. Оны орындамаған отбасы мүшесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ал депутат Зағипа Балиева ана мен бала құқықтарын қорғау үшін Отбасы, балалар және жастар істері жөнінде жаңа министрлік құру жайында ұсыныс айтты.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елімізде отбасы, балалар және жастар істерімен айналысатын 18 мемлекеттік мекеме қызмет етеді. Енді арнайы министрлік ашатын уақыт та келді. Жаңа ведомство жанұя құндылықтарын дәріптеп, күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ажырасу көрсеткіші 22%-ке өскен. Осыған байланысты отбасылық сот жүйесі де пайда болуы қажет.

Елордадағы «Қорғау-Астана» қоры тұрмыстық қысым көрген әйелдермен және жасөспірімдермен жұмыс істейді. Отбасында қоқан-лоққы мен қашықтан қудалауға ұшыраған қыз-келіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғау нұсқамасы беріледі. «Нұсқамадағы талаптар орындалмаған жағдайда қысым көрсетушінің 1 жылға бас бостандығынан айырылуы – дұрыс шешім», – дейді қор басшысы Анна Рыль.

Анна Рыль, «Қорғау-Астана» қорының жетекшісі:

– Елімізде карантин енгізілгелі тұрмыстық жанжал деректері көбейгені рас. Өйткені көпшілік шектеу шараларына моральдық және материалдық тұрғыда дайын болмай шықты. Осындай кезде психологиялық көмек орталықтарының қызметіне жүгіну керек.

Спикер Нұрлан Нығматулин Мәжілістің пленарлық отырысында осы бір әлеуметтік проблеманы кешенді түрде шешу керектігін айтты. Осыған сәйкес Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктері арасында жасалған ортақ бұйрықты қайта қарау тапсырылды. Осылайша «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы