427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин балық саласын дамыту жөнінде семинар-кеңес өткізді

  • 171
  • UPD: 23:41, 24.09.2020

Премьер-министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, балық саласын дамыту жөнінде семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға қатысушылар шаруашылықтың қазіргі ахуалы мен дамуы жөнінде әңгіме қозғады. Кедесуден кейін Үкімет басшысы өңірді аралап, су тасқыны салдарынан зардап шеккен елді мекендердегі құрылыс жұмыстарымен танысты.

Соңғы 5 жылда елімізде балық өндірісі едәуір артып, өнім көлемі 10 мың тоннаға жетті. Ішкі нарықты отандық балықпен қамту бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Үкімет тарапынан бұл бағытта бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Бүгінгі семинардың басты мақсаты – біріншіден, саланың әлеуеті зор. Президент өз Жолдауында балық саласына назар аудару туралы айтқан болатын. Былтыр 42,5 мың тонна балық ауладық. 7500 тонна өсірдік. 30 мың тонна экспортқа шығарылады.

Сала мамандарының айтуынша, елде балық шаруашылығының болашағы зор. Себебі, Қазақстанда оған қажетті су қоймалары жеткілікті.

Марлен Тұрсынәлі, балық өсіру компаниясының директоры:

- Басқа мемлекеттермен салыстыратын болсақ, Қырғызстан, Өзбекстанмен салыстырғанда потенциалымыз жоғары. Өйткені бізде өзен-сулар көп. Қазақстанның өзіңнде 47 мың өзен-көл бар. Әр көлде 5 тоннадан балық өсіретін болсаңыз. Есептей беріңіз, қанша балық өсіруге болатынын. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде балық аулағаннан гөрі балық өсірген өте жоғары нәтиже көрсетіп жатыр.

Аталған мақсаттарды орындау үшін бірқатар заңнаманы өзгерту қажет. Сондықтан жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне бірқатар түзету енгізіледі. Нәтижесінде балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалану, шығындарды азайтуға және өнімнің бағасын төмендетуге мүмкіндік пайда болады.

Бақытжан Серманиязов, Ауыл шаруашылығы өндірісі кооперативінің төрағасы:

- Алдағы 3-4 жылда біз балық өндірісін 60 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ал болашақта бұл көрсеткіш 300 мың тоннаға жетеді деген сенімдеміз. Ол үшін көп жұмыс атқару қажет. Өзіміз орналасқан аудан тұрғындарын өндіріске тарту керек. Айта кетейік, былтыр біз тек 7 мың тонна балық өсірдік.

Үкімет басшысы сапар барысында бірнеше аудан тұрғындарымен кездесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар Мырзакент кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен елді мекендерінің 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның құрылысын көріп қайтты.

Авторлары: Дариға Ташенова, Саид Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы