428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде соңғы үш жылда «Нұрлы жермен» салынған үйлер көбі сапасыз болып шықты

  • 98
  • UPD: 22:37, 06.10.2020
Өскеменде соңғы үш жылда «Нұрлы жермен» салынған үйлер көбі сапасыз болып шықты

Өскеменде соңғы үш жылда мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған көп қабатты үйлердің көбі сапасыз болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұлар қалада енді бой көтерген шағын аудандағы баспаналар.

Жауын жауса, төбесінен су ағады. Жел соқса, қабырғаның қаптамасы ұшады. Кейбір үйлерге тартылған жоғары кернеулі электр сымдары шұбатылып жерде жатыр. Ал тұрғындар баспанаға қатысты базынасын айтып, жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырумен жүр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Жөндегенмен, құрылысы жөнсіз болғандықтан, жүз түрлі кемшілік бар. Жауын жауса болды, бұл 5 қабатты үйдің тұрғындары да толарсақтан саз кешеді. Төбеден аққан су жертөлеге жетеді. Маңайы да астан-кестең.

Сая Майшоқпарова, қала тұрғыны:

- Ешкімнің қатысы жоқ бізде. «Не істесеңіздер де, өздеріңіз білесіздер», дейді. Апаттық қызмет келмейді. Құрылыс бөлімі телефонды алмайды. Үйді салғандар хабарласпайды.

Хабарласқанмен, үйді салған мердігерден қайыр аз. Ол компанияның қазір аты болғанмен, заты жоқ. 70 пәтерлі үйдің тұрғындары ашық-шашық аяқ астында шұбатылып жатқан жоғары кернеулі электр сымынан қауіптеніп отыр.

Дина Кеңеспаева, қала тұрғыны:

- Неше рет әкімдікке де жібердім. Құрылыс бөліміне де жібердім фотосын. Осы үйде 9 айдан бері тұрамыз. Бұған ешкімнің қатысы жоқ. Ешкімге ештеңе керек емес.Бәрі бір-біріне сілтей береді. Мына жерде балалар ойнайды. Кішкентай балалар бар. Сонда осындай жерлерді қалай ашық қойып қоюға болады. 9 ай болды міне, өстіп тұрғанына

Мадина Жандыбаева, қала тұрғыны:

- Сәуір айында үйімнің төбесінен су ағып құрылысшылар шақырғанмын. Солар үйдің шатырына шығып жасап жатқанда, аяғы төбені тесіп кетті ғой. Енді білмеймін, қыста қалай боларын. Былтыр өте суық болған.

Суық болғандықтан, әрбір пәтер электрлі жылытқыш құрылғыларын қосады. Ортақ желі ауыр жүктемені көтермегіндеіктен, жарық та жиі өшеді.

Қорыққан тұрғындар 9 айдан бері қаладағы осы салаға жауапты барлық коммуналдық мекеменің табалдырығын тоздырумен жүр. Бірақ әзірше тұщымды жауап болмай тұр.

Фархат Жылыбаев, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Әль-Фараби 42/3 мекенжайындағы үй бойынша өңірдегі энергетикалық компаниямен қазір сұрақтардың барлығы шешіліп жатыр. Жылу мәселесін тексердік. Құрылыс фирма кемшіліктерді жойып жатыр қазір. Ертең, одан арғы күні бәрі қосылады.

Ертең одан арғы күні қоспаққа жоспарлап отырғанда шығысқа қазанның алғашқы қары да түсті. Ал одан соң қарын алып қараша келеді. Сондықтан тұрғындар желотқсан жетпей жарық пен жылудың тезірек берілуін күтіп отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы