428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» тарқатқан түйін

  • 105
  • UPD: 15:42, 12.10.2020

«Хабар» Агенттігіне 25 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы уақыт бедерінде біздің арна ел мүддесі жолындағы біраз мәселенің шешіміне ықпал еткені анық. Барлық аймақтағы тілшілер қосыны күн сайын ел тынысын бақылап, ақпаратты суытпай жеткізіп отырады. Бұл ретте Сыр өңіріндегі әріптестеріміздің де тек биылдың өзінде өңірге тән біраз түйткілді тарқатуға түрткі болғанын айта кеткенді жөн көрдік.

Бірер ай бұрын ғана бұл жердің шаңы бұрқырап жатқан еді. Тұрғындар жергілікті билікке тілегін жеткізу үшін біздің телеарнаға жүгінді. Түсірдік, айттық, көрсеттік. Ең бастысы – нәтиже бар. Көшесіне асфальт төселген Әл-Фараби мөлтек ауданының тұрғындары түйткілді тарқатуға түрткі болған телеарнаға алғысын жаудырды.

Серік Байғараев, Әл-Фараби мөлтек ауданының тұрғыны:

– Кезінде «Хабар» агенттігін шақырып, осы жолды түсіргенбіз. Енді мына жол салынып жатыр. Балаларымыз мектепке екі аяқ киіммен барып жатқан жоқ, қазір асфальт салынды. Өте ризамын «Хабар» агенттігіне.

Карантин кезінде Сыр күрішшілері де тығырыққа тірелген еді. Пандемия салдарынан аймақтың басты дақылының экспорты тоқтап қала жаздады. Кәсіпкерлер шетелдік әріптестерімен миллиардтаған сомаға ұзақ мерзімді келісімдер жасап қойған. Диқан қауым жан айқайын «Хабар» Агенттігі арқылы жеткізді.

Жасұлан Серіков, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Осы мәселелерімізді кәсіпкерлік палатасы көтеріп және «Хабар» Агенттігі тиісті деңгейге көтеріп, тиісті жерлерге жеткізіп жария еткен болатын. Соның арқасында болу керек заң жобасы қабылданбай, күрішшілеріміз экспортты әрі қарай жалғастыра берді. Бұл мәселе халыққа да, кәсіпкерлерге де, облыстың бюджетіне де жақсы әсер етті.

Арал, Қазалы аудандарындағы 6 апатты балабақшаның да мәселесі де біздің сюжетке арқау болды. Сондай-ақ Арал қаласындағы 13 ошақ пештен жылытылатын, қабырғасы қақыраған ғимаратта 100 бала тәрбиленіп жатқаны туралы бейнематериал эфирден өткеннен кейін, жауапты органдар дереу шешім қабылдап, балабақша басқа ғимаратқа көшірілді. Қазалы ауданындағы осы тектес мәселелер де биылдан қалмай шешімін тапты.

Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының әкімі:

– Ақсуат ауылдық округінде бізде жаңа балабақшаның құрылысы аяқталды, іске қосылды. Келесі Бозкөл ауылындағы оған жобалық-сметалық құжаты дайындалды, бірақ оған қарамастан қасында тұрған орта мектептің бір бөлігіне 50 орынды балабақшаны сол жақа көшіріп жатырмыз. Кәукей ауылдық округінде бір нысанды мемлекетке қарай қайтарып жатырмыз. Оған да жоба сметасын дайындап жатырмыз. Амандық болса, ол мәселе де шешілейін деп тұр.

Бұл «Хабар» Агенттігінің ықпалымен түйіні тарқаған түйткілдердің бір парасы ғана. Түсірілім тобы тәулік бойы ақпарат әзірлеуге дайын. Өйткені олар жауынгер мамандықтың иесі деген атқа әрдайым лайық болуы тиіс.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы