428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жүздеген студент «Work and Travel» халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-қа бара алмай отыр

  • 65
  • UPD: 10:18, 15.10.2020

Елімізде жүздеген студент «Work and Travel» яғни «жұмыс және саяхат» халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-қа бара алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапарды ұйымдастырушы отандық компания студенттердің ақшасын алдын ала алып, келісімшарт жасасқан. Алайда әлі күнге дейін міндетін орындағысы жоқ. Компанияның бұл әрекетіне наразы болған бір топ студент құқық қорғау мекемелеріне  арызданды. Алайда нәтиже жоқ.

Бұл жастар – Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының студенттері. Жазда АҚШ-қа барып, 3 ай жұмыс істеп әрі саяхат жасап, тіл үйренгілері келген. Сол армандарын іске асыру үшін «Коламбус ексчейнж» компаниясына жүгінген. Студенттерді шетелге жіберетін әрі визалық жолдама жасайтын компанияға әрқайсысы 1 200 АҚШ доллары көлемінде ақша берген. Барлық келісімшарт наурыз айында жасалған еді. 

Дамира Исат, студент:

- Транш бойынша 1200 доллар төледім. Бірақ карантин басталған соң мәселе болмады. Бара алмадық. Бірақ агенство бір ресми хат жазған жоқ. Біздің уақытымызды созып, барасыңдар деді. Күттік.

Шыңғысхан Насыр, студент:

– Сендер барасыңдар, өтсеңдер, төлесеңдер болды деді. Біз дайын болдық. Ал ол кезде карантин болған. Біз осылай алданып қалдық. Америкаға ақшаны аудардық дейді. Біз ақшаны төледік, бірақ ешқандай біздің талабымызды орындап берген жоқ.

Қолдарындағы келісімшартқа сәйкес АҚШ-қа бара қалған жағдайда студенттерді медициналық сақтандыру қарастырылған. Бірақ осы уақытқа дейін бірде бір білімгер шетел асқан жоқ. Ал компания өкілдері уәдені үйіп төгумен келеді. Тіпті алған ақшаларын қайтарғысы жоқ. Есесіне АҚШ-қа биыл баруға тиіс студенттердің сапарын келесі жылға ауыстырудың амалын қарастыруда. Алайда оған студенттер қарсы. Себебі көбісі алдағы жылы оқуларын аяқтайды. Сондықтан ақшамызды қайтарып берсін дейді. 

Дамира Исат, студент:

- Агентствоның менеджері Нұржан Бөкетов деген кісі дөрекі сөйлеп, бізге нақты мәселені түсіндірген жоқ.

Студенттер мен ата-аналардың уәжіне құлақ аспаған компания өкілдері сұхбат беруденде бас тартты.

Ақшасын қайтарып ала алмай отырған студенттер мен олардың ата-аналары Медеу аудандық Ішкі істер басқармасына осыдан 20 күн бұрын арыз-шағым жазғанын айтады. Алайда әлі күнге дейін бұл істе оң нәтиже болмай тұр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы