430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алимент төлеуден бас тартқан екі ақтөбелік көлігінен айырылды

  • 101
  • UPD: 21:45, 16.10.2020

Сот шешімімен олардың жылжымалы мүлкі сатылымға шығарылып, түскен қаражат есебінен балалары алдындағы борышы өтелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірлік сот актілерін орындаушылардың қолында қазір осындай жауапсыз ата-аналарға қатысты 11 мыңнан астам іс бар. 

Ақтөбелік бұл келіншек жұбайымен санаулы жыл ғана бірге тұрған. Қазір қолында қызы бар. Жас ананың жұмыс істеп нәпақа табуға мүмкіндігі жоқ. Ал әкесі баламды қамтамасыз етем деген сыңай танытпағаннан кейін сот орындаушыларға шағымданыпты.

қала тұрғыны:

– Сот бұйрығы шыққаннан кейін сот орындаушыларға тапсырдым. Сот орындаушылардың арқасында көп нәрсе жасалды. Жұмысқа тұрғызып, бұрынғы жұбайымнан қазіргі таңда ай сайын жалақысынан бір балаға 25 процент алимент алып отырмын.

Балаларына алимент төлеуден жалтарып жүргендердің дені – ресми табысы жоқ азаматтар. Бірақ тиісті сот үкіміне сәйкес жергілікті әлеуметтік қызметтер бөлімі ұсынған жұмысқа орналасу міндеттеледі. Бас тартқан жағдайда әкімшілік іс қозғалып, қамауға алынуы да мүмкін. Алайда сот актілерін орындаушылардың айтуынша, жыл басынан 86 борышкер 3 күнен 5 тәулікке дейін бостандығынан айырылған.

Қайрат Танкаев, облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

– Бұл азаматтарға жұмыс жасаған өте тиімді. Жүз мың теңге көлемінде айлық алатын болса, 25 мың теңге көлемінде, екі балаға үштен бір бөлігі, үш баладан жоғары болса екіден бір бөлігі өндіріледі. Ал егер жұмыссыз болған жағдайда Үкіметтің белгіленген тәртібімен орташа айлық жалақымен есептейміз. Соңғы орташа айлық жалақы 200 мың теңгенің көлемінде болатын болса, оны бір балаға бөлсеңіз мысалы, 50 мың теңгеден ай сайын жұмыссыз әке өзінің баласына төлеу керек болып есептеледі.

Қомақты айыппұлдан бөлек, көкек ата-аналарға қатысты қылмыстық жауапкершілік те бар. Биыл сот органдары баласына алимент төлеуден бас тартқан 6 азаматқа қатысты істі тергеген. Нәтижесінде 2 айыптыға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылса, екі азаматтың мүлкі сатылымға шығарылып, түскен қаражаттан борышы өтелген. Ол үшін сот орындаушылары жергілікті полиция департаментімен бірлескен рейдтік шаралар да өткізеді.

Айбар Меңдібайұлы, облыстық ПД ӘПБ инспекторы:

– Ескерту қағазы беріледі. Егер былтырғы, оның алдыңғы жылғы төленбей қалғандар болса, олардың көліктері арнайы тұраққа қойылады.

Ақтөбе облысы бойынша балаларына бережағы бар 11 мыңнан астам ата-ана тіркелген. Борыш көлемі 300 миллион теңгеден асады. Бірнеше жылдап қашқақтап жүрген жекелеген азаматтардың қарызы тіпті 2 миллион теңгеден асқан.

Авторы: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы