417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бірқатар облыста бақылау бекеттері орнатылды

  • 244
  • UPD: 14:54, 19.10.2020

Еліміздің өңірлерінде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, бақылау бекеттері орнатыла бастады. Әсіресе, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарында қатаң сақтық шаралары қолға алынды. Атап айтқанда, сыйымдылығы  50 орыннан асатын ойын-сауық мекемелері мен тамақтану орындары жабылады.  Қоғамдық көліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысына қатысты да шектеулер бар.

Қарағанды облысында карантин режимінің күшейуіне байланысты бүгіннен бастап 8 санитарлық бекет қойылды. Енді Жезқазған мен Приозерск және Осакаров, Нұра, Қарқаралы, Бұқар Жырау, Ұлытау аудандарының кіре берісінде дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуын, денсаулығын тексереді. Бұған қоса, сауда үйлеріне, ойын-сауық орталықтарына, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына бейнекамера орнату міндеттелді. Осылайша санитар дәрігерлер ондағы жағдайды онлайн жүйесінде бақылап отырмақ. Егер заңбұзушылық анықталса бірден жазаланады. Сондай-ақ подъезд, жедел саты, паркингтерді тәулігіне екі мәрте, ал балалардың ойын алаңдарын күніне бір рет залалсыздандырып отыру қажет.

Айгүл Шатекова, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің ресми өкілі:

- Өнеркәсіптік кәсіпорындарда, автовокзалдарда және автостанцияларда стационарлық тепловизорларды және ақылды бейнебақылау орнату туралы мәселе шешілу үстінде. Автобустар мен маршруттық көліктерді қарбалас сәттерде біркелкі толтыру мақсатында ұйымдар мен органдардың сараланған жұмыс кестелерін анықтау қажет. Өнеркәсіптік кәсіпорын басшыларына міндетті түрде кәсіпорын қызметкерлерін тасымалдауды ұйымдастыру ұсынылып отыр.

Алматы мен Жамбыл облысын да карантин  күшейтіле басталды. Бұдан былай сыйымдылығы  50 орыннан асатын ойын-сауық мекемелері мен тамақтандыру орындары жабылады. Балабақшаларда 15 балаға дейінгі кезекші топтар ғана жұмыс жасайды. Қала бойынша 3а дамнан артық  жүріп-тұруға, сондай-ақ 65 жастан асқан қарт адамдарға да тыйым салынады. Қоғамдық көліктер тек таңғы сағат 06:00-ден  10:00-ге  дейін ал кешкі уақытта 17:00-ден  20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. 

Ал Қостанай облысында санитарлық бекеттер қойылып, карантин енді күшейтіледі. Шектеу шаралары бүгін сағат түнгі 12-де енгізіледі.

Жаңа талаптарға сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы 23:00-ге дейін қысқарады. Ашық аспан астындағы атракциондардың жұмысы тоқтайды. Демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді. Ойын-сауық орталықтары мен аумағы екі мың шаршы метр сауда орындары жабық болады.

Автор: Аслан Қаженов

Хабар 24 телеарнасы