423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бес жасар қызды құтқармақ болып омыртқасына зақым келген көкшетаулық аяққа тұрды

  • 152
  • UPD: 22:59, 24.10.2020

Бесінші қабаттан құлаған қыз баланы құтқарам деп бел омыртқасына зақым келген көкшетаулық Николай Панюшкин аяққа тұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ер азаматтың сәл де болса айығуына павлодарлық дәрігерлер көмектескен. Еске сала кетейік, Евгений бұдан 4 жыл бұрын көп қабатты үйдің балконынан құлаған 5 жасар баланы жерден қағып алып, өзі жарақаттар алған еді. Содан бері төсек тартып, қиындық көріп келеді.

Дамир Берікұлы, тілші:

- 68 жастағы Николай Панюшкиннің қазір өмірге деген құлшынысы арта бастаған. Себебі, төрт жылға жуық тартқан тағдыр тауқыметі бүгінде біртіндеп сейіле бастады. Осынша уақыт төсекте тапжылмай жатқан қария осыдан бір ай бұрын қайтадан қимыл-қозғалысқа келген.

Батыр жан қазір дәрігерлердің айтқан жаттығуларын жасап, дәрі-дәрмегін қабылдап жүр. Бастысы – өз еркімен жүріп-тұра алады. «Қызды құтқарған сәтте қызумен жарақат алғаным білінбеді», - дейді, ол. Алайда, 5-6 жерден зақымдалған омыртқа көп ұзамай оның кереуетке таңылуына сеп болды. Содан бері қарияның көрмегені жоқ.

Николай Панюшкин, қала тұрғыны:

- Қалай ауырғанымды сөзбен айтып жеткізу емес. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Әйеліме масыл болмайын деп, өмірмен қош айтысуды да ойладым. Бірақ көрер жарығым бар екен. Енді қазір ол қиындықтың бәрі артта қалды.

Николай өзін аяққа тұрғызған павлодарлық дәрігерлерге дән риза. «Олардың ем шараларынан бөлек, кісіні күліп қарсы алуының өзі маған қуат берді», - дейді батыр азамат. Айта кетейік, ол арнайы процедуралардан кейін 3 күн өткенде орнын тұра бастаса, он күннен кейін таяқ ұстап жүріп кеткен.

Николай Панюшкин, қала тұрғыны:

- Мен қазір емін-еркін жүремін. Сыртқа шығып серуендеп келем. Үйдің ішінде жүргенде кейде тіпті, таяқ та ұстамаймын. Ал, балдақ дегенді мүлдем тастадым. Әрине, тез шаршап қалам. Аяқтарым әлсіз. Дегенмен, өзім жүріп-тұрғаныма ризамын.

Ал, павлодарлық дәрігерлер Николайды емдеу оңай болмағанын айтады. Себебі, жарақаты күрделі. Оның үстіне жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті мен қан қысымы секілді қосымша дерттері тағы бар. Дегенмен, ақ халатты абзал жандар барын салған.

Ақылбек Ысқақов, жекеменшік клиниканың бас дәрігері:

- Николай Панюшкинде омыртқасының барлық бөлігі дерлік зақымданған. Мойын омыртқасынан бастап бел омыртқасына дейін сау жері жоқ. Соның бәріне ем-дом жасау керек болды. Одан бөлек, жұлынның өзіне зиян келген. Сондықтан біз ол кісіге елордадағы нейрохирургия орталығына да көрінуге кеңес беріп отырмыз.

Дәрігерлерден бөлек, Николайдың аяққа тұруына сеп болған жандардың бірі – отбасылық досы Тамара Иванчукова. Ол бір жылдан астам уақыт осы кісімен бірге. «Операция жасауға елді жұмылдырып, клиниканы тапқан да сол Тамара», - дейді, Николай. Ал, қиналған сәтте жақынын жалғыз тастамаған келіншек досының ержүрек мінезіне тәнті. Айтуынша, оған елдің батасы да көмектесуде.

Тамара Иванчукова, Н.Панюшкиннің досы:

- Павлодарда ол мені Павел есімді бір жігітпен таныстырды. Сөйтсем, Николай оны да бала кезінде баспалдақтан құлап бара жатқан жерінен аман алып қалған екен. Ал, көршілердің айтуынша, мынау іргедегі балабақшаның жанында бір қызды құтқарып қалыпты. Оны бір ер адам соққыға жықпақ болған екен. Міне, осындай ерліктері бар.

Николай Панюшкин енді екі айдан кейін Павлодардағы клиникаға қайта баруы тиіс. Себебі, ауруынан әлі толық жазылған жоқ. Ал, ол үшін омыртқасына МРТ зерттеуін жасатуы қажет. Алайда, пациенттің жүрегінде кардиостимулятор тұрғандықтан, дәрігерлер мұндай қадамға баруға қорқақтап отырған көрінеді. Оған қоса, білікті остеопат маманның реабилитациясынан өту керек. Елдің алғысын алған жан «бұйыртса, бұл қиындықтарды да еркін еңсерерміз», - деп үміттенеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы