422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраудағы Жаңаталап елді мекенінде мектеп-интернаттың құрылысы 1,5 жылдан бері тоқтап тұр

  • 100
  • UPD: 22:10, 04.11.2020

Іргетасы құйылған білім ошағының ізі болғанымен, өзі жоқ. 2 млрд-тан астам қаражатты қажет ететін мектеп құрылысы қашан басталатыны белгісіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылысы былтыр маусым айында басталған білім ордасының бүгінгі сиқы осындай. Биыл шілдеде тапсырылуы керек мектеп-интернаттың қабырғасы қаланбақ түгілі, іргетасының жұмысы да жөнді бітпеген. Балалары қалаға, одан қалса көрші ауылдарға барып оқитын Жаңаталап елді мекенінің тұрғындары наразылық білдіріп отыр.

Ануар Жаманқұлов, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

– Халықтың саны артатын болса, болашақта осы ауылдың балаларына арналған қауіпсіз мектеп керек деген сөз. Бізді мазалайтын мәселе, осы мектептің құрылысы қашан басталып, қашан пайдалануға беріледі. Әкімшіліктен, құрылыс басқармасынан сұраған едік. Олардың айтуы бойынша, елдегі пандемия орын алған соң, бюджетті экономдау үшін, кейбір шығындар қысқартылды деді.

Мектеп-интернатты салу үшін бөлінген қаржының қазір тек 5 проценті ғана игеріліпті. 2 млрд-тан астам қаражатты қажет ететін мектеп құрылысының қашан аяқталатынынан бұрын, қашан басталатыны белгісіз. Себебі жыл басында білім ошағына бөлінген қаржы қайта қаралған. Кейін облыс қауіпті індеттің ілмегіне іліккен тұста, бұл жұмыстарды жалғастыру мүмкін болмай қалған.

Нұрлыбек Сақпаров, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

– Кейбір бюджет шығындарын қайта қарау және кейбір бағыттарды қысқарту жөніндегі шешімге сәйкес Үкіметтің, осы нысанның құрылысы жыл басынан бер қарай тоқтатылды. Қазіргі кезде консервация бойынша уақытша тоқтап тұр. Құрылыс монтаж жұмыстарын баяу жүргізгендігі жөнінде де мердігердің де кінәсі бар деп ойлаймыз.

Бұл білім ордасының құрылысына қажетті қаражат мәселесінің жыл соңына дейін шешілуі әлі екіталай. Егер қаржы бөлінсе, онда мектеп құрылысы келер жылдың ақпан-наурыз айларында қайта жанданады дейді жауаптылар. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы