422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Велосипедшілер мен самокат жүргізушілері арнайы жолды бөлісе алмай жүр

  • 92
  • UPD: 12:37, 10.11.2020

Енді өздігінен жүретін электрлі самокат тізгіндегендер тек веложолақпен жүруі керек. Осындай заң жобасын қазір Мәжіліс қарап жатыр. Алайда велосипедшілердің айтуынша, бұл қисынсыз. Себебі өңірлерді айтпағанда бас қаланың өзінде велосипедке арналған жол жоқ. Ал барының сапасы сын көтермейді. Оған енді самокатшылар қосылса не болмақ? 

Амилия Ысқақова – кәсіби велошабандоз. Талай додада топ жарған бойжеткен бүгінде осы спортқа өрендер баулып жүр. Жаттығудан тыс уақытта да велосипедтен түспейді. Онсыз шаруам бітпейді, дейді. Тіпті карантин кезінде зат тасып, табыс тапқан. Бірақ арнайы жолдың болмауынан біраз әбігерге түскенге ұқсайды. 

Амилия Ысқақова, велоспорттан спорт шебері:

- Қала ішінде көбіне велосипедпен жүремін. Мәселен, үйден спорт кешеніне не болмаса дүкенге бару үшін велосипед мінемін. Арнайы жол болмаған соң автомобиль жүретін жолға шығамыз. Ал ол жер қауіпті екенін білесіз. Мен велосипедті кәсіби жүргізетін адаммын. Ал енді-енді мініп үйренгендерге өте қауіпті дер едім. Достарымның көбі жолда велосипедпен жүруге қорқады. 

Қауіпсіздік мәселесін айтпағанда, біздің қоғамда жолда жүру мәдениеті ақсап тұр. Көлік жүргізушілері велосипед мінгенге мұрнын шүйіре қарайды. Бойжеткеннің жанына бататыны сол. Ал онсыз да жарымаған жолға жаяу жүргіншілердің таласатыны тағы бар. 

Амилия Ысқақова, велоспорттан спорт шебері:

- Жаяу жүргіншілер велоспипедшілерден алшақ жүріп, көліктер веложолға шығып кетпес үшін резеңке жиектас салынса жақсы болар еді. Біз де бас амандығы үшін алаңдамаймыз, адамдар да кедегі келтірмейді. Мұндай веложолдар Европада бар, кейінгі кездері Алматыда  пайда бола бастады. Енді елордада салынса деген тілек. 

Елордада веложолдардың дені саябақ ішінде салынған. Бұл аздық етеді. Қазір  экологиялық жағынан таза көлікті таңдағандар қатары көбейіп келеді. Сондықтан веложолдарды ұзарту бойынша жоспар ауқымды, дейді мамандар. Сәйкесінше бөлінген қаржы да қомақты. Мәселен, келер жылы салынатын 36 шақырым веложолдың құрылысына  657 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл дегеніңіз, әр шақырымның құны бақандай 18 млн теңге деген сөз. 

Әлия Жақсылық, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Қала бойынша веложолдардың жалпы ұзындығы 70 шақырым болды. Алдағы жылдары тағы 123 шақырым жол салу жоспарда бар. 2020 жылы 46,4 шақырым, 2021 жылы 36, ал 2022 жылы 40,6 шақырым жол салынады.

Енді самокат тізгіндеушілер де велосипедшілерге арналған жолмен жүруі міндеттелуі мүмкін. Қазір заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Ал бас қаладағы велосипедшілер  жол мәселесін түбегейлі шешпейінше, бұл қисынсыз екенін айтады. Сондықтан басқасын айтпағанда, олардың өзі әлі біразға дейін басын қауіпке тігіп жүруге мәжбүр. 

Авторлар: Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы