424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаратылысы ерекше жан

  • 210
  • UPD: 09:57, 12.11.2020

Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жандар ертегіде ғана емес, қазір де бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Руслан Әбековтің бойы 2 метрден асады. Салмағы – 156 келі.

Көптің арасында бірден көзге түсетін Русланның жасы 33-те. Шығыс Қазақстанның тумасы. Өзінің айтуынша, атасының денесі ірі болған. Ерекшелігін бала кезден бастап сезген ол алғашында сырт көздің сұқтанып қарағанына намыстаныпты. Уақыт өте келе, ерекше болмысы өмірдегі сәтті картасы екенін түсінеді. Ал қазір аңтарыла қарағандармен суретке түсу – ол үшін қалыпты жағдай.

Руслан Әбеков, баскетбол бапкері, әуесқой актер:

– Шынымды айтсам, 11 сынып бітіргенге дейін мен ұялатынмын. Бойымның ұзындығынан. Бүкірейіп жүретінмін. Содан 2004 жылы Алматы қаласындағы «Арай» деген баскетбол клубына келдім. Баскетбол ойнадым. Сол жерде бойы ұзын балалармен танысып, жаңағы балалар «бойынды түзеші, бүкіреймеші» деді. Түзелсем, бәрінен бойы ұзын мен екенмін. Сол кезден бастап мен түсіне бастадым.

Дәл осы ерекшелігі Русланның бағын ашты. Кәсіби спортта шыңдалып, баскетболдан Қазақстан құрамасында ойнайды.

Уақыт өте келе кинорежиссерлердің көзіне түсіп, 30-дан аса фильмге түскен. Ал «Арлан» арт театрындағы көрсетілімдер қара күштің сынға түсетін кезі дейді ол. Себебі ондағы театр костьюмдерінің салмағы 30 келі тартады. Сирек кездесетін болмысым – табыс көзі дейді ол.    

Руслан Әбеков, баскетбол бапкері, әуесқой актер:

– Бойы ұзын азаматтар аз ғой.  Бойымның арқасында спортта да болдым, театрдамын, киноларға да түсіп жүрмін.

Ұзын бойдың өмірде кедергі келтіретін тұстары бар дейді Руслан. Францияға барарда ұшақтың орындығына аяғы симай, рейс 1 сағат кешігіп көкке көтеріліпті. Ал ең бастысы, алып денесіне сай келетін киімді табу қиын. Көбіне арнайы тіктіреді. Тігіншілер де мұқият. Себебі алыпқа киім тігуде әр өлшем маңызды. Ал 50 өлшемдегі аяқ киімді Руслан елден мүлде таппайды екен.

Руслан Әбеков, баскетбол бапкері, әуесқой актер:

– Көбінесе Мәскеу қаласынан келеді. Сол жақтан тапсырыспен алдырамыз. Аяқ киімдер сол жақтан келеді. Шыға салып, арнайы бір дүкенге барып, осы арадан киім ала салу деген жоқ. Өйткені ол жерге барасыз, біріншіден дәл келмей қалады.

Русланның жары және Аяулы атты қызы бар. Айтпақшы, 4 жастағы Аяулым да өз қатарластары арасында бойшаң. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы