423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдағы тоғай қала меншігіне берілуі мүмкін, ал тұрғындар қарсы

  • 84
  • UPD: 18:44, 12.11.2020

Оралда қала шетіндегі тоғайды орман қорынан қала меншігіне беру көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала билігі осы тоғай арқылы айналма жол салып, қаладағы көлік ағынын реттемек. Бірақ белсенді қала тұрғындары орман қорына тиесілі жерге құрылыс салу туризмді дамытуға қолайлы орынға нұқсан келтіреді деп есептейді.

Шаһардың дәл іргесіндегі бұл тоғай шынында да әсемдігімен көз тартады. Аумағы 7 мың гектарға жуықтайтын бұл жер қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының бірі екені рас. Сондықтан болар, отбасымен демалуға шыққан тұрғындарды да, жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайларды да осы жерде кездестіруге болады.  

Табиғаты әсем жерде суретке түсіп жатқан жұпқа біз де куә болдық. Жастардың пайымдауынша, бұл тоғай келешекте халық демалатын тамаша орынға айналуы тиіс.

Бақтияр Ғабдолов, фотограф: 

– Фотограф болған соң жастарды Орал қаласының ең әдемі жерлеріне алып келу негізгі жұмысымыз болып табылады. Соның бірі осы жерде. Қазір күзгі әдеміліктің, салқын күздің бейнесі осы жерде көрініп тұр.

Диана Манапова, қала тұрғыны:

– Біз осындай әдемі жерде фотосессия жасадық. Білетініміз осы жер, сондықтан осы жерге келеміз. Ағаш өсіп тұрған жерлерді адамның бұзғаны дұрыс емес. Мысалы, бұл жерге үй салып тастаса, мұндай жерлер азайып қалады.

Жастардың пікірімен келіспеске шара жоқ. Тоғайда тынығып, велосипедпен жиі қыдыратын тұрғындар да тоғайдың тағдырына алаңдаулы. Қала билігінің бұл жерді игермек ниетінен хабардармыз. «Әрине, шаһар келбетінің шырайлана түскенін біз де құптаймыз. Бірақ табиғатқа да нұқсан келмегені дұрыс», – дейді олар.

Жалғас Мерғали, бастамашыл топ мүшесі:  

– Қалалық басқармаға берсек, бұл жерге жануарлар келмей қояды. Әйтпесе мұнда түлкі, құндыз бар.

Әлішер Ғұмаров, бастамашыл топ мүшесі:  

– Біріншіден, халық арасында Перевалочная роща деп аталып кеткен жер қаланың дәл орталығында орналасқан. Адамдарға жақын орман деуге болады. 20-30 шақырымға барып керек емес. Мына орман деген ерекше. Оны ешқашан құрылысқа беруге болмайды.

Мамандар тоғай аумағында жол салу жобасы кезінде қаланың бас жоспарында бекітілгенін айтады. Дегенмен кез келген құрылыс әуелі мемлекеттік сараптамадан өтіп, кейін қоғамның талқысына ұсынылмақ. Шаһар басшыларының айтуынша, қаланың дамуына айналасындағы үш өзеннің әсері мол. Ал тоғай арқылы тіке жол салудың да тиімді тұстары баршылық. 

Асхат Құлбаев, қала әкімінің орынбасары: 

– Тоғай арқылы салынатын жол құрылысы, біріншіден, қаладағы көлік қозғалысын реттеу мақсатын көздейді. Одан бөлек, тоғайда демалыс аумағын салуға болар еді. Осы екі фактор тоғайды орман қорынан алып, қала меншігіне беру мәселесін туындатып отырғаны рас. Бірақ бұл жер әзірге орман қорына жататындықтан, ешқандай жұмыстар жүргізбейміз.   

Қала билігі егер ормандағы тал-терек кесілетін болса, орнын толтыруға мүдделіміз деп отыр. Тіпті құрылыс жұмыстары кезінде жан-жануарлар үшін қосымша транзиттік жолдар салу да қарастырылған. Дегенмен табиғаты туризмді дамытуға сұранып тұрған жерге құрылыс жүргізуге тұрғындардың біразы үзілді-кесілді қарсы. Соған байланысты қоғамдық тыңдау да келесі жылға қалдырылды.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарпылғасов

Хабар 24 телеарнасы