425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында жаңа Кендірлі ауылы құрылады

  • 142
Маңғыстау облысында жаңа Кендірлі ауылы құрылады

Қазақстан картасында жаңа ауыл пайда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында халық санының өсуіне байланысты Рахат ауылы екіге бөлініп, жаңадан Кендірлі елді мекені құрылады. Бұл туралы Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев мәлім етті. Қазір Рахат ауылында 46 мың адам тұрады. Бұл аудан халқының санымен бірдей. Рахат ауылын екіге бөлуге мамандардың жетіспеушілігі, халық санының күрт өсуі, коммуналдық қызметтердің уақытылы көрсетілмеуі себеп. 40 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде 18-20 мемлекеттік қызметкер болуы тиіс. Ал ауылда маман жетіспеушілігі байқалады. Келешекте Кендірлі ауылында денсаулық, білім беру, спорт, мәдениет, автомобиль жолдары, инженерлік-инфрақұрылым, мемлекеттік қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту саласы дамып, жаңа нысандар бой көтереді деп жоспарланып отыр. Қазір құжаттар рәсімделіп жатыр.

Нұрберген Худибаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

– Рахат ауылы Жаңаөзен қаласының шығыс бөлігінде орналасқан. Облыс орталығынан 153 шақырым жерде. Ал қала орталығынан қашықтығы – 3 шақырым. Рахат ауылының жалпы көлемі 4605 гектарды құрайды. Қазіргі таңда ауыл халқының саны – 45 848 адам. Оның ішінде Рахат, Ақсу және Мерей шағын аудандарында 32907 адам, Жұлдыз шағын ауданында 12971 адам тұрады. Халық санының табиғи өсімі жыл басымен салыстырғанда 2555 адамды құрайды.

Хабар 24 телеарнасы