424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдықтар мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлердің сапасына шағымданды

  • 90
  • UPD: 22:11, 13.11.2020

Жаңадан бой көтерген баспаналардың кейбірі сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мониторингтік топ жұрттың арызынан кейін отызға тарта тұрғын үйді аралап көрді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше кемшілік анықталды.

Зачаганск кентінде былтыр ғана тапсырылған мына көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы жарыла бастады. Ал балкондардың барлығынан жауынды күндері су кетеді, себебі талапқа сай орнатылмаған. Ал суағарларды тұрғындар өздері қойып алды.

Айсұлу Сағитова, қала тұрғыны:

– Бұл үй бір жыл бұрын пайдалануға берілді. Алайда ғимарат сыр бере бастады. Іргесінде жарықтар пайда болды. Біз шағым білдірдік. Әзірге ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.

Пәтерлерде жылыту жүйесінің есептегіш құралы әлі қосылмапты.Тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын әр шаршы метрге қарай төлеп отыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бой көтерген жаңа баспаналардың көбісінде осындай олқылықтар орын алған.

Біржан Хайруллин, БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

– Жарылу мәселелері болады. Ондай орындар бар. Әсіресе, үлкен бөлмелер, балконға шығатын жақтарда. Одан бөлек, бір пәтерде үйдің төбесі бүлінуі пайда болды.

Тұрғын үй құрылысына тапсырыс берген қалалық әкімдік өкілдері қазір мердігерлермен тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Алмат Ашиков, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Аталған тұрғын үйлердің басым көпшілігі жалдамалы болып келеді. 2016-2019 жылдары аралығында құрылыс жұмыстары жүргізілген. Мердігер – «Алтаир» және ТОО «Болашақ» мекемелері. Қазіргі уақытта мердігер мекемелерге кепілдік мерзіміне сәйкес, хат жолданып, тапсырма берілді.

Кем-кетіктердің барлығы жылдың аяғына дейін жойылады. Мамандар осылай деп сендіріп отыр. Ал тұрғындарға осы сөзді медеу қылудан басқа амал жоқ.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы