420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкіметте мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру мәселесі қаралды

  • 45
  • UPD: 20:41, 17.11.2020

Қазақстандықтар алдағы уақытта мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына тек жүргізуші куәлігін алу үшін барады. Ал көрсетілетін қызметтердің қалған түрлері электронды форматқа көшіріледі. Бұл туралы үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Мемлекеттік қызметті жетілдіру процесінде тағы қандай өзгерістер бар? 

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жылына 3 миллионға жуық адам келеді екен. Олардың дені автокөліктерін тіркеу үшін ұзын сонар кезекке тұруға мәжбүр. Қызметтің бұл түріне онлайн форматта жүгінуге болса да Бағдат Мусиннің айтуынша, көп ұзамай бұл мәселе шешіледі. Енді сатып алушы сатушының шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Тиісті қызмет түрін банктердің бірінің мобильді қосымшасы ұсына бастады.  

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: 

- Осылайша мамандандырылған ХҚКО-ларда тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені автодромда емтихан тапсыру қажет. Бірақ қазіргі уақытта автодромдар ШҚО мен Түркістан облыстарында жоқ. 

Жалпы электронды үкімет порталында 600-ге жуық қызмет түрі бар десек, олардың денін танымал платформаларға шығару жоспарда бар. Екінші деңгейлі банктердің қосымшалары да мемлекеттік қызмет көрсету ісіне тартылады. Осылайша президенттің мемлекеттік қызметтердің 90 процентін электронды форматқа ауыстыру жөніндегі тапсырмасын орындаймыз деді Бағдат Мусин. Мемлекет басшысы алға қойған тағы бір міндет зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындауды цифрландыру туралы Біржан Нұрымбетов айтып берді. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Бұл жұмыстың негізгі бағыты - мүмкіндігінше барлық қызметтерді проактивті форматқа көшіру. Яғни қызмет көрсету бастамашысы азамат емес, мемлекет болады. Барлық қажетті мәліметтер ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы жолымен қалыптасады. Азамат тек қызметтерді алуға келісімін беру ғана қажет болады. Проактивті қызмет түрі қызметті беруші мен алушының байланысын болдырмайды. 

Әлеуметтік-еңбек саласында көрсетілетін 44 қызметтің 38-і электронды түрде көрсетіледі. Осы және өзге де көрсеткіштер мен баяндамаларды тыңдаған Үкімет басшысы Асқар Мамин көрсетілетін қызметтің сапасын да естен шығармау керек деді. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейін кемінде 80 процентке жеткізуі тиіс. Халыққа жұмыстың нақты нәтижелері қажет. 2021 жылы қағаз анықтамалардың қажеттілігін толығымен жойып, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді қамтамасыз етіп, барлық онлайн қызметтер мен сервистердің қолжетімділігін 100%-ке дейін арттыруымыз керек.

Премьер-министр орталық және атқарушы органдарға ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұдан басқа цифрландыру саласындағы жаңалықтарды түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізуді де тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы