425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысында шаңғы базасы мен бокс орталығы қолданысқа берілмек

  • 222
  • UPD: 21:16, 25.11.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес Қостанай облысында бұқаралық спорт мықтап дамып келеді.

Салауатты өмір салтын серік еткендердің үлесі қазір 32 проценттен асты. Мұнымен тоқтамай, халық үшін салынып жатқан заманауи спорт нысандарының қатары көбейіп келеді. Биылдың өзінде халықаралық талаптарға жауап беретін шаңғы базасы мен бокс орталығы қолданысқа берілмек.

Болашақта мынау құрылыс алаңы шаңғышылар мекеніне айналады. Екі жарым шақырымдық трассада екі көтерілім орналасады. Жазық далада бұрын-соңды мұндай белестер болмаған. Кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да жарыс жолында жаппай сырғанай алады.

Мылтықбай Әбдуайтов, №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

– Трассамыз қысы-жазы жұмыс жасайтын болады. Жаз кезінде шаңғы ролигін балалар тебеді. Қыстыгүні өзіміздің қар тазалайтын механигіміз болады.

Былғары қолғап шеберлері де жаттығуларын жайлы жағдайда өткізеді. Бұрынғы картинг орталығы боксшылардың қарамағына өтті. Залда олимпиада талаптарына сәйкес келетін екі шаршы алаң, 100 орындық трибуна және денені шынықтыратын түрлі жабдықтар бар. 

Аманбек Әбікенов, олимпиадалық резервті даярлау спорт мектебінің басшысы:

– Төменде бізде тағы бір зал болады. Ол залда үш жаттығу рингі болады. Төрт киім ілетін, екі моншасы болады. Барлық жағдай балаларға дайын. Келесі жылы осы залда біз республикалық жарысты қарсы алуға дайынбыз.

Ауылдағы спорт нысандары да жөнделіп, жаңадан салынып жатыр. Биыл аудан орталықтарында алты стадион қалпына келтірілді. Тағы төрт стадионда жасанды футбол алаңы пайда болды. Сауықтыру кешені бірнеше ауданда бой көтереді. 

Алмат Досымхан, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

– Торғай, Ұзынкөлде нысандардың құрылысы биыл аяқталады. 2021 жылы Қарабалықта, Әулиекөлде жоспарланған.

Қазір облыстағы 282 мың адам бұқаралық спортпен қамтылған. Бұл халық санының 32,6 процентіне тең.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы