420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда қысқы шомылу маусымы басталды

  • 153
  • UPD: 22:16, 17.12.2020

Оралда қақаған қыста өзен-көлге шомылу маусымы басталды. Мұздай суға түсуді әдетке айналдырған адамдардың саны жыл санап көбейіп келеді. Олардың көбісі зейнеткерлер. Қысқы шомылу маусымы кейбір адамдардың сырқаттан сауығуына көмектескен.

Таңмен өзен жағасына жиналған тұрғындар алдымен жүгіріп, өне бойларын қыздырып алады. Кейін жылы ғимаратқа кіріп, жаттығу жасайды. Өйткені суық суға бірден гүмп етіп түсу қауіпті. Жасы жетпістен асқан Бисенғали ақсақал қытымыр қыста өзенге түсуден қаймықпайды. Керісінше керемет әсер алатынын айтады. Ұзақ уақыт мазалап келген созылмалы ауруын да осы әдіспен емдеген.

Бисенғали Бегалиев, қала тұрғыны:

- Осыған дейін грипп болады ғой, олай қазір жоқ, жақсы. Сосын 2 жыл бұрын жазда ауырған, омыртқааралық грыж дейді ғой. Суға түскеннен кейін бір жұмадан кейін кетті. Үш ай массажға бардым, оның ешқандай көмегі болған жоқ.

Ал Зүлфия суық суға шомылуды жақында ғана бастады. Үнемі таза ауада жүгіретін бойжеткен үшін қыста өзенге түсу қиын бола қоймапты.

Зүлфия Кәрімова, қала тұрғыны:

- Бұрыннан салқыннан қорықпаймын. Негізі қандай да бір күмәнданатын болса, бірінші, жайлап әзірленген жақсы. Өйткені ол жүрекке әсер береді. Қардан да бастауға болады. Моншадан шығып келіп, қарға сүртінсе де соның да әсері көп. Бұл деген енді денсаулыққа өте керек нәрсе. Потому что бірде бір салқын тиген жоқ.

Әуесқойлар клубында алғашында оншақты ғана адам болған. Қазір олардың қатары 60-қа жуықтады. Суық суға құмар жандардың үлкені 87 жаста. Ал кенжесі әлі мектеп қабырғасында оқып жатыр. Олардың арнайы жаттығу орындары жоқ. Әзірге балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында шынығып жүр.

Әуесқойлар клубы енді қоғамдық бірлестік құруды жоспарлап отыр.

Әуесқойлардың айтуынша, сонда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылар еді.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы