419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкімет басшысы азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды тапсырды

  • 283
  • UPD: 09:52, 29.12.2020
Үкімет басшысы азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды тапсырды

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады, деп хабарлады primeminister.kz.

Еңбек қатынастарын реттеудің қолданыстағы жүйесі жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық деңгейде үшжақты комиссиялар жұмыс істейді, 22 салалық және 200-ден астам өңірлік келісім жасалды.

Биыл Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру еңбек саласындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпорындардағы жанжалдар саны Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарындағы мұнай-газ және мұнай сервисі секторларында 2 есе қысқарды.

Осы жылдың басынан бері 4,2 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек өтелді, 31 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Қол қойылған меморандумдар аясында 2,3 млн-нан астам жұмыс орны сақталды. Пандемиядан туындаған әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, жұмыссыздықты 5% деңгейінде сақтауға мүмкіндік туды. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің еңбек нарығы тиімділігінің рейтингі бойынша Қазақстан 30-орыннан 25-орынға көтерілді.

Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету және еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында Өндірістік жарақаттануды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2023 жылға дейінгі жол картасы іске асырылып жатыр.

Карантин кезінде 475 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам бір ең төменгі жалақы мөлшерінде табысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алды.

Әкімдіктер, кәсіподақтар мен өңірлер кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мыңнан астам меморандум жасалды. Жұмыс берушілер алған міндеттемелерін орындаса, 2 млн 300 мың қызметкер үшін жұмыс орындары сақталады.

Дағдарысқа қарсы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылуда. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасын», «Еңбек» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды қоса алғанда, жұмыспен қамту жөніндегі шаралармен 1 млн 390 мың адам қамтылды, оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.

«Еңбек қатынастарының барлық тараптарының басты міндеті – еңбек заңнамасын сақтау. Бұл мәселелерді ерекше бақылауда ұстаған жөн», – деді А.Мамин.

Премьер-министр еңбек министрлігіне әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің деректері негізінде проактивті режимде жалақы бойынша берешекті анықтау алгоритмін әзірлеуді тапсырды.

Үкімет басшысы еңбек шарттарын электрондық форматқа толық көшіру қажет екенін атап өтті, бұл азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын жедел әрі объективті бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын кезең-кезеңімен қысқарту үшін 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Еңбек министрлігіне әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуге тапсырма берілді.

Әкімдіктерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қол қойылған меморандумдар аясында жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмыс берушілердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету, қызметкерлердің жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдау тапсырылды.

Хабар 24 телеарнасы