429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың шешуші үшінші кезеңінен өтіп жатыр

  • 232
  • UPD: 21:10, 30.12.2020

Алматыда коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтың шешуші үшінші кезеңінен өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, алғашқы екі күнде 300 тұрғын вакцина қабылдаған. Зерттеу аясында шаһардағы екі мың еріктіге екпе салу жоспарланып отыр. Сынаққа қатысатын адамдарға 200 мың теңгеден сыйақы қарастырылған.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Профессор Берік Хайруллиннің телефоны бір сәтке де дамыл табар емес. Сынақтың соңғы кезеңі Алматыдағы төртінші қалалық емхана мен МИПО клиникасында жүргізілуде. Зерттеуге ковидпен ауырмаған адамдар ғана қатыса алады. «Тестке аш қарында келу керек және бірнеше күн бұрын ішімдік ішпеген абзал», - дейді ғалым.

Берік Хайруллин, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының профессоры:

- Мына біздің зерттеуге 18 жастан бастап адамдар келе алады. Алдын ала дәрігерлер бәрін зерттейді «бізге жарайды ма, жарамайды ма» деп. Содан кейін рұқсат береді. Келем деген адамдар өте көп. Біздің қазақстандықтар Отанымызда шыққан вакцинаға сенім білдіріп жатыр.

Еріктілер таңғы сағат 07:00-ге күндізгі 23:00-ге дейін қабылданады. QazCovid-in инактивті вакцинасы Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында жасалған. Барлық жұмыстар институттың Бас директоры, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарьяның жетекшілігімен жүргізілуде. Зерттеудің алғашқы екі фазасы вакцинаның адам үшін қауіпсіз және тиімділігінің жоғары екенін көрсетті.

Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының профессоры:

- Вакцина ақ тышқандарға салынды, маймылдарға салынды. Көп зерттеу өткізілді. Біздің Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Содан кейін бірінші фазасы өтті 44 адамға, содан кейін екінші фазасы 200 адамға салынды. Енді қазір үшінші фазасы болып жатыр, ең маңызды фазасы. 3 мың адамға салып жатырмыз. Содан кейін біздің вакцина тіркеуден өтіп, адамдарға салыну керек.

Клиникалық сынақтың үшінші фазасы Тараз қаласында да өткізілуде. Ол жерде мың адам қамтылады. Зерттеуге қатысқысы келетін тараздықтар қалалық көп салалы ауруханаға жүгінуі тиіс. Бұл екпенің екі қайтара жасалатынын айта кеткен жөн. Екіншісі 21 күннен кейін салынады. Еріктілердің барлығы сынақ бойы дәрігерлердің қадағалауында болады. Сондай-ақ Алматы әкімдігі қалада 200 мың ресейлік «Спутник V» антиковидті вакцинаны сақтайтын қоймалардың дайын екенін хабарлады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы