430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттегі жекеменшік балабақшада төрт бала мен тәрбиеші газдан уланды

  • 1043
  • UPD: 21:44, 04.02.2020

Шымкенттің Қазығұрт шағын ауданындағы «Қаршыға» балабақшасында 4 бала мен тәрбиеші газдан уланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жедел жәрдем қызметі алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шұғыл токсикологиялық ауруханаға жеткізген.

Барлығының жағдайы орта дәрежеде болған соң науқастар түс ауа үйіне жіберілді. Оқиғаның себеп салдарын қазір төтенше жағдайлар қызметі анықтап жатыр.

Мектепке дейінгі тәрбие беретін орынға қазір газ беру тоқтатылған. Бұл туралы баспасөз мәслихатында белгілі болды. Тексеру кезінде бұл бөбекжай балабақшасы өз бетінше рұқсатсыз газ колонкасын қосқандығы анықталыпты. Мамандардың айтуынша, балабақшада улануға себеп болатын ақау жеткілікті көрінеді.

Ақаш Миятбек, «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Шымкент филиалы директорының бірінші орынбасары:

- Бұл абонент біздің рұқсатсыз жылыту қазандығын қойған. Сол қазандық осы жағдайға жеткізген. Орынсыз жөндеп қоймаған. Сол себепті бұл жерде газ шыққан. Содан бұлар уланған.

Қазығұрт шағын ауданындағы «Қаршыға» балабақшасы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда жалпы 81 бала бар. «Бөбекжай орталығы улану оқиғасынан кейін де жұмысын жалғастыруы екіталай», - дейді қалалық білім басқармасының мамандары. Қазір балабақша уақытша жұмысын тоқтатқан. Ал шаһарда жылыту маусымы басталғаннан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдары мен тұрмыстық газ құралдарын пайдалану кезінде 6 улану оқиғасы тіркеліпті. Қаза болғандарда бар.

Нұрболат Дербісов, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- «Қаршыға» бөбекжай балабақшасына газ жылыту қазандығына, су жылыту колонкасына, ас дайындау газ плитасына ғана рұқсат берілген. Қызметкерлердің тексеруіне байланысты қосымша су жылытатын колонкасы рұқсатсыз орнатылғаны анықталды. Обьект газдан толық ажыратылды. Толығымен барлық кемшіліктерді орындағаннан кейін қосады деп ойлаймын. Бірақ бұл бойынша да біз толығымен жұмыс жасайтын боламыз.

Таңертең жедел жәрдеммен жеткізілген балалар мен тәрбиеші де түс ауа ауруханадан шыққан. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, науқастарға көмірқышқыл газы мен табиғи газ компоненттерімен уланудың жеңіл және орта дәрежесі диагнозын қойған. «Қазір олардың жағдайы жақсы болғандықтан, үйлеріне жіберілді», - дейді ақ халаттылар. Иіс тигендерге енді емхана дәрігерлері бақылау жасайтын болады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы