427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Футбол алаңында тоққа түсіп мерт болған ағайынды балалардың ісі бойынша сот аяқталды

  • 493
  • UPD: 21:39, 20.02.2020

Павлодарда футбол алаңында тоққа түсіп мерт болған ағайынды Расул Саденов пен Мұса Кәрімовтің ісі бойынша сот аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соттың үкімімен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары, мердігер ұйым директоры мен электр тарату кәсіпорнының бас инженері бас бостандығынан айырылды.

Тергеу амалдары екі жылдай жүргізілді. Іс материалдарына сүйенсек, қайғылы оқиғаның негізгі себебі – футбол алаңын орнатудағы техникалық ережелердің бұзылуы. Нақтырақ айтқанда, нысан қуаттылығы алты киловатт болатын электр желісіне тым жақын орналасқан. Десе де, сот алдында жауап бергендердің ешқайсысы кінәларын мойындаған жоқ.

Жұлдыз Тілегенова, Павлодар №2 қалалық сотының судьясы:

– Сейсов Айтжан ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Айдарханов Тимур 371-баптың екінші бөлігі бойынша 1 жылға бас бостандығынан айырылсын.

Істің тағы бір фигуранты энергия тарату кәсіпорнының бас инженері Сергей Кириленко 1 жыл 6 айға қамауға алынды. Сотталушылар қайтыс болған балалардың әр ата-анасына 5 млн теңге төлеуі тиіс. Айыпталушылардың қолдарына сот залында кісен салынып, қоныс колониясына жіберілді. Енді марқұмдардың ата-аналары өзге де жауапты мамандарды да жауапқа тартуға ниетті.

Светлана Саденова, Расул Саденовтың анасы:

– Иә, азаматтар жазаларын өтейді. Бірақ балам қайтып оралмайды. Соттың шешімі көңілімізден шықты. Бірақ, қайғылы жағдайға олар ғана жауапты емес. Нысанды салған мамандар, жер қатынастары бөлімінің өкілдері және алаңды қабылдаған комиссия мүшелері де кінәлі. Біз алдағы уақытта шағым түсіреміз.

Ал істі болған энергетиктің әріптестері сот үкімімен келіспейді. Мамандардың мәліметінше, бүгінде Павлодарда 60 балалар спорт алаңы техникалық бұзушылықтармен салынған.

Олег Клочков, сотталушы Сергей Кириленконың әріптесі:

– Үкім тым қатал. Иә, дәлелдер бар. Бірақ, осы тектес заңбұзушылықтар өте көп. Біз оған әсер ете алмаймыз. Менің ойымша, бұл істе нысанды пайдалануға бергендер де жазалуы тиіс. Біз тек хат жазумен шектелеміз.

Техникалық сараптама бұл нысан жобалық-сметалық құжаттама және іске қосу актісінсіз қолданысқа берілген.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Мамандардың айтуынша, бұл жерде спорт нысанын салу аса қауіпті. Себебі бір жағында теміржол, сонымен қатар жоғары вольтты электр желілері орналасқан. Бұған қарамастан, 2013 жылы жергілікті билікті шешімімен осы жерде шағын футбол алаңы бой көтерді. қайғылы оқиғадан соң нысанда демонтаждау туралы шешім қабылданды. Бүгін кінәлі азаматтар жазаларын алды. Дегенмен тоққа түскен балалардың ата-аналары үшін бұл қайғының орны толмасы анық.

Қайғылы оқиға 2018 жылдың күзінде облыс орталығына қарасты Жаңауыл елді мекенінде болды. 6, және 8-сынып оқушылары спорт алаңының қоршауына мініп, жақын тұрған электр желілеріне тиіп кеткен. Салдарынан екі бала тоққа түсіп, сол жерде жан тапсырды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы