405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теңіз кенішінде карантиндегі жұмысшылар наразылық білдірді

  • 269
  • UPD: 22:55, 02.06.2020

Теңіз кен орынында карантинде жатқан жұмысшылар наразылық білдірді. Олар 3 ай бойы отбасына жете алмай жүрген көрінеді. Әлеуметтік желілерде осы кеніштегі мердігер мекемелердің бірінде түсірілген бейнежазба тарады. Онда жұмысшылар «Теңізшевройл» компаниясының өкілімен кездесуді және дереу үйге жеткізулерін талап еткен.

Оқиға 30 мамыр күні екі мердігер компанияның жұмысшылары тұратын вахталық кентте болған. Тоқсан күн бойы отбасынан ажырау – қажыған қызметкерлердің наразылығын тудырды. Олардың барлығы бұған дейін Covid-19 жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болуына байланысты 14 күнге оқшауланған. Содан кейін олар тестілеуден қайта өткізілген. Алайда оның нәтижесі кешіктіріліпті. Жұмысшылар егер талап ескерілмесе, аштық жариялайтынын да жеткізген. Карантинге қамалғандардың жанайқайы компания басшылығына да жетті. 

Ырзабек Артығали, компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері: 

- Тест қорытындысы шықты. Біз оларды жіберіп жатырмыз. Тесттің нәтижесі 1 күнде дайын болмайды. 20 мың адам болса, сонша сынама алынады. Ал ол өңделеді, тексеріледі, қорытындысы дайын болғанша біраз уақыт алады. Оның үстіне барлық шығынды ТеңізШеврОйл өзі мойнына алып отыр. Олардың жол шығынын өтеп, үйлеріне жетуін компания қамтамасыз етеді. 

Айта кетейік, мұнайлы өңірде коронавирус індеті басталғалы Теңіз кен алаңынан 19 мыңнан астам адам шығарылды. Бүгін карантинде жатқандар да кезең–кезеңімен үйлеріне қайтарылады.  Жалпы карантин мерзімі Теңіз аумағында 12 маусымға дейін ұзартылып отыр. 

Авторлары: Асланбек Шығыров, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы