418,83 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұрланған көлікпен жол оқиғасын жасаған мас жүргізуші қашып кеткен

  • 209
  • UPD: 17:31, 03.07.2020
Ұрланған көлікпен жол оқиғасын жасаған мас жүргізуші қашып кеткен

Алматы облысында біреудің көлігін айдап кеткен мас ер адам жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлады Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері құқықбұзушыны ұстады.

1 шілде күні Сарқан ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне танысының үйіне қонаққа барған 49 жастағы ер адам сол жерде «Audi» маркалы автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде 34 жастағы күдікті ауыл тұрғынын ұстады.

Ол қылмыс жасағанын толық мойындап, 29 маусым күні оған «Audi» маркалы автокөлігімен танысы қонаққа келгенін жеткізген. Олар бірге спирттік ішімдік ішкен. Екінші күні сағат 00:00 шамасында көлік иесі ұйқыға кеткен кезде күдікті оның кілтін алып, автокөлікпен балық аулауға барған. Жол бойында «Камазбен» бетпе-бет келіп, көлікті басқара алмай ағашқа соғылған.

Көлікті сындырған ол қорыққанынан жол-көлік оқиғасы орын алған жерден қашып кеткен. Ол өзінің таныстарының үйінде жасырынған, алайда оны полиция қызметкерлері тауып алды.

Полиция қызметкерлері көрсетілген орыннан сынған автокөлікті тауып, оны заңды иесіне қайтарды. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды. Енді ол көлікті ұрлағаны, мас күйінде басқарғаны және ЖКО үшін заң алдында жауап береді.

Хабар 24 телеарнасы