432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында жол апатынан 6 адам қаза тапты

  • 209
  • UPD: 13:27, 25.09.2020

Түркістан облысында жантүршігерлік жол апаты болды. Ордабасы ауданы Бадам ауылы маңындағы Арыс-Шымкент автожолында «ВАЗ» және «Мазда» автокөліктері соқтығысып, оқиға орнында алты адам қаза тапты. Облыстық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмып, алтыншысы аудандық ауруханаға барар жолда жан тапсырған. Олардың арасында бір отбасының мүшелері болған.

Мұнан бөлек Ордабасы аудандық ауруханасына жеткізілген екі ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер ес-түзсіз күйде түскен 34 жастағы жігіттің жағдайын өте ауыр дейді. Оған операция жасалған. Куәгерлердің айтуынша, көліктің бірі бұрылмақ болып тұрғанда, екіншісі келіп соққан. Әзірге белгілісі, «ВАЗ» автокөлігі Ресей Федерациясында тіркелген.

Салтанат Қаракөзова, ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасына байланысты Түркістан облыстық ПД анықтаушыларымен ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес «Жол ережелерін өрескел бұзу салдарынан адам өліміне алып келген» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Жәнеде тергеу барысында болған оқиғаның мән-жайы анықталады.

Өскеменде көлік тонаған ұры ұсталды. Бұрын сотталған 41 жастағы ер адам тұрғын үйлердің ауласында тұрған көліктердің терезесін шағып, ішіндегі ақша, құрал-сайман, магнитафон сияқты қолына түскен заттың бәрін алған.  Күдіткі ұрлық жасау үшін дабыл белгісі жоқ автокөліктерді таңдаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысына Өскемен қалалық полиция бөлімінің  криминалдық полиция қызметкерлері «Сергек» ақпараттық бейнекамераларының көмегімен қала тұрғынын анықтап, қолға түсірді. Ер адам жасаған қылмыстық әрекетін толығымен мойындады. Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабына сәйкес ұрлық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

Ақтөбе қаласының орталығындағы сауда үйінің шатырынан өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен қалалық төтенше жағдайлар қызметінің 46 өрт сөндірушісі мен 10 техникасы тілсіз жауды бірден ауыздықтады. Қызыл жалын жөндеу жұмыстары кезінде тұтанған. Өрт 1 шаршы метр аумақты ғана шарпыды. Зардап шеккендер жоқ. 

Түркістан облысында мал ұрлаған күдіктілер қолға түсті. Олар түнгі уақытта Төлеби ауданында жергілікті тұрғынның қорасына түсіп, екі өгізін үптеп кеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында аудандық криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстады. Олар бұрын сотты болған Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының тұрғындары екені анықталды. Тергеу барысында жас жігіттердің Төлеби ауданында 7 мал ұрлығына қатысы бар екені белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі миллион теңгеден асты. Полицейлер ұрланған малдың бір бөлігін заңды иелеріне қайтарып берді. Күдіктілер қамауға алынып, қазір олардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықтауда.

Шығыс қазақстандық полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында екі күнде 2700 заңбұзушылықты анықтады. Оның ішінде мас күйінде көлік тізгінеген 42 жүргізушіні көлік жүргізу куәлігінен айырған. Сонымен қатар жол белгілерін елемеген 16 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек жаяу жүргіншілер жолағына тоқтамаған 206 жүргізуші мен жол жүру ережесін бұзған 524 жау жүргіншіге айыппұл салынған.

Хабар 24 телеарнасы