Ер адам жарақатпен қалалық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 23.15-те жергілікті ЖШС-нің бірінің цехына 31 жастағы слесарь жұмыс істеп жатқан кезде бункерге құлаған. - Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Сараптама тағайындалды, - деп хабарлады департаментте. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында жұмыс берушіге хабарлама жіберілгенін және жазатайым оқиғаға қатысты тергеу ұйымдастырылғанын мәлім етті. - Жұмысшы тереңдігі 10 метрдей шахтаға құлап кеткен. 1991 жылы туған ер адамда жабық бас сүйек-ми жарақаты, бел омыртқасының компрессиялық сынуы, екінші дәрежелі травматикалық шок тіркелді, - дейді басқармада. Сондай-ақ іш жарақаты анықталған. Зардап шеккен адам № 1 қалалық ауруханаға жатқызылды.