Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 137
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында атқарылған іс пен атқарылар жұмысты сараптады

  • 1410
  • UPD: 18:34, 10.01.2018

Жаңа жылда жаңа жауапкершілік.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауы жарияланды. Қазақстанның жаңа саяси бағыт-бағдары қандай? Қайда барамыз? Қалай барамыз? Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы көптің көкейіндегі сауалдарға жауап береді. Тұсауы кесілген құжат «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деген атауға ие. Ол озық отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алуға жетелейді. Бұл мақсатқа жету үшін Нұрсұлтан Назарбаев он міндет қойды.

Қазір біз өз тіршілігімізге өзге тұрмақ, өзіміз сүйсінеміз. Ақиқатын айту керек, бұл – табиғи байлығымыздың арқасы. Бірақ «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Демек, елімізге дамудың жаңа жолы қажет екенін Президент дәстүрлі жолдауда атап өтті. Ол үшін экспортқа бағытталған кәсіпорындарды жаңғыртып, цифрландырудың жаңа құралдарын әзірлеу керек. Үлгі ретінде бірнеше өнеркәсіп ошағын сандық технологияға көшіріп, бұл тәжірибені кейін кеңінен тарату қажет. Сонда ғана жаңа нарыққа жол ашылып, сауда-саттық қыза түседі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек.

Президент Қазақстанның ресурстық әлеуетін одан әрі дамыту міндетін алға қойып отыр. Бұл туралы қысқа да нұсқа. Былтыр ел абыройын асқақтатқан ЭКСПО көрмесі баламалы энергия прогресінің қарқынын айқын көрсетті. Демек, бұл бағытта да дамуымыз керек. Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2030 жылға қарай 30 пайызға жетуі тиіс. Осындай міндетті орындау үшін «жасыл» технологияларға қомақты қаржы құйған абзал. Ал инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру қажет.

Ал ауыл шаруашылығына трансформация керек. Үшінші міндет осыны меңзейді. Біз егін өсіріп, сонымен қол қусырып отыра алмаймыз. «Әлем нарығына жоғары сапалы өнім шығарамыз десек, шикізатты қайта өңдеумен айналысу керек. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін барлық аграрлық кешенді түбегейлі өзгерткен жөн», дейді Президент. Елбасы аграрлық ғылымға да аса мән беріп отыр. Аграрлық университеттерде оқыту бағдарламаларын жаңарту қажет. Сонда ғана мұндағы тірлік тірілуге айналады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет. 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауда атқарылған іс пен атқарылар істі сараптады. Мәселен, көлік-логистика саласына тоқталып, Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл көлік ағынын тиімді басқарып, инфрақұрылымды одан әрі дамытуға септеседі.

Бүгінде қазақстандықтар сан түрлі мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, шапағатын сезініп жүргені рас. Бір ғана мысал. Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 млн шаршы метрден асты. Елбасының жаңа Жолдауы баспана құрылысына жаңа дем бермек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады. Заңнамаға, соның ішінде табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек.

Жолдаудың тағы бір тармағы – «Қаржы секторын «қайта жаңғырту». Мұнда Елбасы: «Акционерлердің банктерден қаржы шығаруын ауыр қылмысқа балаған жөн», – дейді. Ұлттық банкті бұған немқұрайлы қарамауға шақырады.

Адами капитал – жаңғыру негізі. Осылай деп аталған Жолдаудағы жетінші міндет білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуды меңзейді. Президент оны бағындырудың уақытын да белгіліп қойды. 2021 жылға қарай мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар мен кадрлар пайда болады. «Ал қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс һәм ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде», дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек.

Жолдау ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге үндейді. Президент қазіргі денсаулық сақтау ісі аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажеттігін де айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет.

Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек. Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет. Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс. Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәселелерін шешу қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске атүсті қарап отыр», – деп сын тезіне алды Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс. Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады. Еңбек кітапшаларын да электрондық форматқа көшірген жөн. Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау қажет.

Жолдауда әлеуметтің әлеуметтік жағдайы да ескерілді. Зейнетақы көбейіп, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы да артты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын. Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 млрд теңгеге дейін қаржы қажет болады.

Жолдаудың маңыздылығы мен салмағын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Мемлекет басшысы бұл  жолы жемқорлыққа қарсы күрес, тиімді мемлекеттік басқару, «Ақылды қалаларды» дамыту мәселелеріне де ден қойды. Осындай міндеттерді жіпке тізген Елбасы барлық істің түп нәтижесі ел үшін болуы қажет. Игілігін ел көруі тиіс екенін ескертті.

Авторлары: Жасын Біркенов, Жанұзақ Боранбаев

Хабар 24 телеарнасы