369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ә.Исекешев пен Б.Сұлтанов қандай еңбектерімен ерекшеленді?

  • 174
  • UPD: 20:29, 11.09.2018

Қызметін ауыстырған Әсет Исекешев пен Бақыт Сұлтанов халық үшін қандай тірлік атқарды? Соңғы ауыс-түйісті астаналықтар қалай қабылдады?

Әсет Өрентайұлы бас қаланы екі жыл басқарды. Бұл қызметке 2016 жылдың 21 маусымында тағайындалды. Исекешев әкім болып тұрған тұста Астанада қандай маңызды оқиғалар болды? Не жасалды? Алдымен соған тоқталайық.

Ең алдымен, Әсет Исекешев қаланы басқарып тұрған кезеңде төрткүл дүние көз тіккен EXPO 2017 халықаралық көрмесі өткені мәлім. Экс-әкімнің сауда нүктелері мен вокзал маңын ретке келтіргенін де жұртшылық жақсы біледі. Сонымен қатар ол шенеуніктер санын қысқартты. 2017 жылы қалалық әкімдіктегі 26 құрылымдық бөлімше 17-ге дейін қысқартылды. Исекешевтің іске асырған тағы бір жоба – «Сергек» камерасының орнатылуы. Соның арқасында орта есеппен қылмыс 30%-ға, ал жол-көлік оқиғалары 18%-ға төмендеген деген ақпар бар. Қоғамдық көліктерге сараланған жаңа тариф енгізіліп, кондукторлар жұмыстан кеткені де ел есінде қалды. Әсет Исекешев қаланы басқарып тұрған кезде енгізген соңғы жаңалықтарының бірі – қызметтік көлікті таксиге ауыстыру туралы пилоттық жоба. Таксимен жүруге көшкен қызметкерлердің әкім ауысқанда қызметтік көліктеріне қайта отырары немесе отырмасы әзірге белгісіз. Осы істердің бәрін абыроймен атқарған Әсет Исекешевке Елбасының да сенімі зор.

Әсет Өрентайұлын Елбасы Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындады. Халықтың басым бөлігі оның қызметіне риза. Сондай-ақ жаңа әкімнен де күтері көп.

Ал оның орнын түйдей құрдасы 1971 жылы туған Бақыт Сұлтанов келіп басты. Әрине Сұлтанов та елге еңбегі сіңген тұлға. Қаланы бес саусағындай біледі. Қаржы министріне дейін де бірнеше министрлікті басқарып, лауазымды қызметтерде болды. Осы күзде қаржы ведомствасын басқарғанына тура 5 жыл болды. Әрине, министр креслосында мұншалықты ұзақ отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Түйін осы. Тиыннан теңге құралатынын одан артық білетін жан шамалы. Енді ол бар күш жігерін елорданы гүлдендіруге жұмсамақ. Көктем мен күзде көшелері жаңбыр суына толатын, қыста қалың қарға көміліп, аспанын көк түтін басатын бас қаланың әлі шешімін таппаған мәселелері енді жаңа әкім Бақыт Тұрлыханұлының еншісінде.

Осы категория бойынша: « Варшавада жыл сайынғы ЕҚЫҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесі басталды Қ.Тоқаев ШҰАА Халықтық саяси консультациялық кеңесінің төрағасын қабылдады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы