389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президенті Элизабет Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтады

  • 529
  • UPD: 22:43, 22.03.2019
ҚР Президенті Элизабет Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтады

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлем чемпионатында «күміс» еншілеген мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтады.

«Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды! Тарихта тұңғыш рет төрт айналмалы әдісті орындады! Жарайсың! Құттықтаймын!», - деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Еске сала кетсек, Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль жеңіп алды. Ол еркін бағдарламаны тамаша орындап, қорытындыда 224,76 балл жинады. Спортшылардың ең соңынан шыққан Э.Тұрсынбаева ересектер арасындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет төрт айналымдық Сальхов элементін орындады. Мұны шын мәнінде тарихи нәтиже деуге болады.

Ресейлік Алина Загитова 237,50 балмен әлем чемпионы атанды. Оның отандасы Евгения Медведева 223,80 балмен үшінші орынға көтерілді. Осылайша 19 жастағы Элизабет Тұрсынбаева қыздар арасында Қазақстаннан алғаш рет Әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Жарыс соңында өткен баспасөз мәслихатында спортшы қыз бұл медаль күтпеген жүлде болғанын атап өтті.

«Қазіргі қуанышымда шек жоқ. Күміс медаль мен үшін күтпеген жүлде болды. Осы сәтке дейін бұл элементті (төрттік сальхов - авт.) таза орындағаныма сене алар емеспін. Таңертеңгі жаттығу сәтімен өтті. Соңғы екі жарыста сальховты орындау барысында қате жібергенімді білесіздер. Міне, бүгін таза орындап шықтым. Мұз айдынына бет алған кезде өзімді керемет сезінгенмін. Сол сезім соңына дейін жоғалған жоқ, - деп келтірді Тұрсынбаеваның сөзін ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті.

Хабар 24 телеарнасы