378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаевтың жұмыс сапары Өскеменде жалғасты

  • 269
  • UPD: 23:30, 26.04.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртымен жолығып, аймақта тұралап қалған салаларды жіпке тізді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Президент экологиялық жағдайдың күрт нашарлап кеткенін айтты. Өңірде қан айналымы жүйесі бұзылғандар саны көбейіпті. Президент: «бұл – алаңдатарлық жайт», – деді. Одан бөлек, Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмекті кешіктіріп жатқандарға қатаң шара қолданылатынын қатаң ескертті.

Кемеріне келген кенді Алтайдың таулы өлкесін қақ жарып жатқан Ертістің екпіні күшті. Қармағын құлаштай балық қауып, толайым табысты түсті металдан тауып жатқан жұрттың жағдайы жұтаң деуге келмейді. Өңірде өндіріс өркен жайған. Кәсіпорындарда қыжырлы еңбек етіп жатқандар көп. Қойнауға біткен кенді игеріп, елге керектіні кәдеге асырып жатыр.

Өнеркәсібі өркендеген өлкенің өткен жылы шығарған өнімі 2 трлн теңгеге жуықтайды. Қала көркейіп, бірте ажарланып келеді. Бұл мекенге шетелдік қаржыгерлер де қызыға бастады. Айталық, былтыр 490 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Оның үштен бір бөлігі шетелдік инвесторлардың еншісінде.

Келбеті келіскен өңірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Өскемен – қойнауы құтқа толы мекен ғана емес, өткенді ішке бүккен жұмбақ қала. Бұл аймақтан қаншама қорым табылды. Оның барлығы қазақтың құнды қазынасы. Сондықтан болар Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдымен қазба жұмыстары кезінде табылған сирек жәдігерлер көрсетілді.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы облыс жұртымен жолықты. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев кенжелеп қалған салаларды да жіпке тізді. Президент өңірде жұмыссыз жүргендердің әлі де азаймай жатқанын айтты. «Оларды еңбекпен қамту үшін шағын

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту – өңірде өткір болып тұрған мәселе. Осы жайтты шешу үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Қаржы бар, енді соны дұрыс үйлестіру керек. Аймақ басшыларының жұмысын олардың қанша адамды еңбекпен қамтығанымен бағалайтын боламын. 

Өңірде экология мәселесі өзекті болып тұр. Ауаның күрт ластануынан ауру жұқтырып, дімкәс болып қалғандары көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мені қан айналым жүйесі бұзылған науқастардың жиі тіркеліп жатқаны алаңдатып отыр. Өскеменде бұл дертке шалдыққандар саны орташа республикалық деңгейден бір жарым есеге көп. Одан бөлек аймақта ауаның күрт ластану дерегі тіркелген. Мұның өзі тұрғындарды түрлі дерт жұқтыруына түрткі болып отыр. Сондықтан өңір басшылығы бұл мәселеге жіті мән беруі тиіс.

Өскеменде ауызсуға жарымай жүргендер де көп. Тысқары жатқан аймақ тұрғындары ішерге су таппай, амалсыз арық жағалайтын көрінеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшылығына 2020 жылға дейін халықтың 80 проценті таза ауызсумен қамтылуы керек деген тапсырма берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі таңда облыстағы 710 елді мекеннің 54 процентіне ғана орталық су құбыры жүргізілген. Өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы халықтың 80 проценті таза ауызсумен қамтылуы керек. Әрбір Қазақстан азаматы жайлы өмір сүруі тиіс.

Президентті алаңдатып отырғаны бұл ғана емес. Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмектің кешіктіріліп жатқанына тоқталды. Осының кесірінен жәрдемақыға онсыз да жарымай жүргендер әуре-сарсаңға салынған. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайттың жай-жапсарын анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. «Бір аптада олқылықтың орны толмаса, айыптыларға қатаң шара қолданылады», – деді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек беру мәселесін кешіктіргендерді қатаң жазаға тарту керек. Бұл сұрақ қазір көптің көкейінде. Сондықтан бір аптаның ішінде елге тиісті жәрдемақы беру басталмаса, жауаптылар қатаң жазаланатын болады.

Өңір басшылығы туризмді түлету мәселесін де қағажу қалдырмауы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев: «бір ғана Алакөлдің өзі жылына 2 млн туристі қабылдауға қауқарлы», – деді. Бірақ тұмса табиғатымен танылған ондай орындарға жетудің өзі қиямет қайым. Сондықтан Мемлекет басшысы: «жолдардың сапасына жіті мән берілсін», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көлік-логистика саласына жіті мән берілуі керек. Сол кезде ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік туады. Ерекше қорғауға алынған мәдени ескерткіштерді туристердің тамашалауына мүмкіндік жасалуы қажет.

Ел үкіметі мен өңір басшылығына осындай міндеттер жүктеген Президент елдегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен қатаң күрес жүргізілетінін ескертті. Сондай-ақ ел арасында бейбітшілік пен келісімді сақтауға бар күш-жігерін салатынын айтты. Алқалы жиында өңірдің белді кәсіпкерлері мен әлеуметтік саланың ілгерілеуіне атсалысып жүрген жандар да сөз сөйледі. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің қазіргі жүрісінен жаңылмайтынына, адымын әлі де алшаң басарына сенім білдірді.

Өрдегі Өскеменнің өрісін кеңейткен өндіріс орны осы. Әйгілі «Қазцинк». Қуаты жөнінен әлемнің алпауыттарынан қалыс қалмайды. Қазір мұнда төрт ірі зауыт бар. Мырышты да, мыс пен қорғасынды да өндіреді. Алтын мен күмісті де шығарады. Олардың өніміне іргелес елдерден сұраныс көп.    

Елдің өндіріс қуатын арттырып отырған кешен жұмысымен Қасым-Жомарт Тоқаев танысты. Қазір мұнда 20 мыңға жуық адам тынбай еңбек етіп жатыр. Кәсіпорын жаңа жабдықтармен жарақталған.

Никола Попович, «KAZZINC» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біздің ірі инвестициялық жобамыз – осы мыс балқытатын зауыт. Одан бөлек, мырыш зауытын күрделі жөндеуден өткіздік. Оның құрылысына 970 млн долларға жуық қаражат жұмсалды. Біз инвестиция тарту мәселесіне жіті мән беріп келеміз. Сол арқылы кешеннің адымын әлі де алшаңдату көзделіп отыр.

Мыс балқытып, құрыш құйған жұмысшылардың жалақасы да өскен. Биыл олардың табысы кемінде 10 пайызға ұлғайыпты. Кешен басшылығы қызметкерлердің қауіпсіздігіне де жіті мән беріп отыр.

Сапарбек Мәулетов, мыс балқыту цехының балқытушысы:

- Өте қиын болды. Еңбекақы төленбейтін. Көп қиыншылықтар болатын. Ал қазір ондай заманның бәрінен өттік. Барлығы жақсы. Еңбекақы, әлеуметтік жағдай – барлығы ойдағыдай.

Кәсіпорын жылына 190 мың тонна мырыш, 144 мың тонна қорғасын өндіреді. Өткен жылы 52 тонна алтын шығарылған. Өндіріс орнына жауаптылар мұнымен тоқмейілсіп қалмақ емес. Олар алдағы 5 жылда кәсіпорынның қарымын күшейтуге 15 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр. Мүдде бір, мақсат та айқын. Ол – өр Алтайдың өрісін өсіріп, елдің құлашын кең серпіту.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы