386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР премьер-министрінің Атырау облысына жұмыс сапары аяқталды

  • 228
  • UPD: 22:50, 18.07.2019

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин Атырау облысындағы мұнай-газ өнеркәсіп нысандарын аралады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Теңіз кен алаңында жүзеге асырылып жатқан үшінші буын зауытының құрылысымен танысып, мұнайшылармен жүздесті.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Ұлттық индустриалды мұнай химиясы паркі» еркін экономикалық аймағында болып, өңірдегі жаңа сала машина жасау өнеркәсібінің жұмысына қатысты тиісті нұсқаулар берді. Сапар барысында Асқар Мамин Атырау облысындағы мұнай-газ өндіруші компаниялардың басшыларымен кеңейтілген кеңес өткізді.

«Келешек кеңею жобасы» деп аталатын Теңіздегі ауқымды жоба құрылысында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мұнда 25 мердігер және қосалқы мекемелер жобаны жүзеге асырып жатыр. Жоба толық жүзеге асқанда Теңіз кенішіндегі мұнай өндіру көлемі жылына 39 млн тоннаға жетеді. Мұндағы жұмысшылардың басым бөлігін отандық мамандар құрайды. Дегенмен жергілікті тауар өндірушілер мен сервистік қызмет көрсетуші мердігерлердің үлес салмағы әлі де аз. Мұнай компанияларының басшыларымен өткізген кеңесте Үкімет басшысы, міне, осы мәселеге назар аударды.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

– Әрине, біз Үкімет тарапынан барлық шараны аламыз. Қажет болса, мұнай-газ өнеркәсібіндегі машина құрастыру саласын дамытуға қатысты заңнамаға өзгеріс енгіземіз. Дегенмен сіздердің де ұсыныс-пікірлеріңіз керек. Белсендірек болыңыздар. Осыған байланысты өздеріңіздің басқару құрылымдарыңызды қайта қараған артықтық етпейді. Өздеріңіздің көмектеріңізсіз ешнәрсе жүзеге аспайтынын ескеріңіздер.

Кеңейтілген кеңесте Асқар Мамин Үкіметте 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы жасақталып жатқанын айтты. Онда қазақстандық кәсіпорындар үшін салық жеңілдігі, отандық машина жасаушыларға шикізатпен көмектесу және ұлттық кадрларды дайындауда басымдық берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ келелі кеңесте мұнайлы өңір үшін өзекті мәселе жұмысшыларға еңбекақы төлеудің жаңа механизмі, еңбек туралы заңдылықтың сақталуы туралы мұнай компанияларының басшыларымен ой бөлісті 

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

– Сіздер үшін бастысы жаңадан ашылатын жұмыс орындары екенін ескерткім келеді. Себебі бұл жобаларда жұмыс істейтін – өзіміздің азаматтар. Олар тұрақты еңбекақымен қамтылуы тиіс. Сонда ғана олардың болашаққа деген сенімі нығаяды. Отбасын құрып, келешек жоспарларын жүзеге асырады. Ал сіз бен біздің басты міндетіміз – қарапайым еңбек адамының әлеуметтік ахуалын арттырып, барынша жағдай жасау. Осыны да есте ұстаңыздар.  

Асқар Мамин сапар барысында таяуда ғана қайта жарақтандырудан өткен Атырау мұнай өңдеу зауытында болды. Мұнда жылына 5,4 млн тонна қара алтын өңделеді. Осы заманғы ең озық технологияға негізделген кәсіпорын жаңа өнім бензол мен параксилол шығара бастады. Бұл өнімдер – өз кезегінде Қазақстанның алғашқы мұнай химиясы кешені үшін негізгі шикізат көзі.  

Шухрат Данбай, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры:

– Бүгінде мұнай өңдеу тереңдігі 85 процентке жетті. Біз оны 90-ға жеткізуге мүдделіміз. Бұл – мұнай өңдеушіліер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл – түсті мұнай өнімдерінің артуы. Қазіргі көрсеткішіміз 71 болса, келешекте бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Сапар барысында премьер-министр Қашаған кен алаңындағы мұнай өндіру барысымен де танысты. Жасанды «Д» аралына жиналған мұнай құбыры арқылы «Болашақ» мұнай дайындау зауытына жөнелтіледі. Қазір мұнда тәулігіне 390 мың баррель қара алтын өндірілуде. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Ұлттық индустриалды мұнай химиясы технопаркі» еркін экономикалық аймағы мен өңірдегі мұнай жобаларына қажетті қондырғыларын құрастыратын кәсіпорында да болды

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Аманатай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы