386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия келіссөздерінің келесі кезеңі қазан айында өтеді

  • 163
  • UPD: 23:26, 02.08.2019

Шам еліндегі ахуалға арналған келіссөздердің келесі кезеңі де осы жылдың қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Бұл туралы бүгін елордада болған кепіл мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы екі күнге созылған жиында тараптар қандай келісімге келді?

Бұл жолы да қазақ елінің астанасына мүдделі тараптардың төрт көзі түгел жиналды. Олар кешелі бері жабық есік форматында екіжақты кездесулер өткізіп, Шам жеріндегі жағдайға қатысты ортақ шешім іздеді. Бұл жиынның ерекшелігі – қарулы қақтығысты тоқтатуға ықпал етуші мемлекеттердің қатары артты. Осыған дейін процеске Иордания мен БҰҰ бақылаушы ретінде араласса, енді Ирак пен Ливан да Сириядағы түйткілдің түйінін тарқатуға өз үлестерін қоспақ. Ал 2 күнде айтылған негізгі ұсыныстар қорытынды құжат, яғни кепіл мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесіне енгізілді. 

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Біз XIII кездесуді қорытындылап отырмыз. Бұл Сирияда бейбітшілік орнатуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Кепіл мемлекеттер - Иран Ислам Республикасы, Ресей федерациясы және Түркия Республикасы Сирияның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына ешқандай шек келтірмейді. Аталған елдер Идлибтегі ахуалды жіті зерттеп, аймақтағы қанды қырғынды тоқтату үшін Идлиб келісімін ұстану қажет екенін атап өтеді. Сондай-ақ, елдің солтүстік шығысындағы жағдайды жан-жақты талқылап, бейбітшілікті өзара ынтымақтастық негізінде ғана орнатуға болатынына тоқталды.

Бұл саяси құжатта көрініс тапқан бірнеше мәселе ғана. Бірлескен мәлімдеме барлығы 13 тармақтан тұрады. Олардың арасында қарулы қақтығыстан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмекті көбейту, босқындарды Шам жеріне қайтару сияқты қадамдар да бар. Бұдан бөлек, құжатқа астаналық формат негізінде жұмыс істейтін арнайы топтың тұтқындарды босату операциясы да енді. Жалпы кепіл мемлекеттер бұл жиынды тиімді деп бағалады.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

Түрлі деңгейде кездесулер өтті. Оларды тиімді деп айтуға болады. Оған Қазақстан астанасында тараптар қол жеткізген келісімдер дәлел. Астаналық форматтың ең тиімді механизм екенін сеніммен айтамын. Мүдделі тараптар бұл жолы құрғақ сөзге иек артпай, нақты келісімдер жасасты. Бұл ең алдымен Конституциялық комитет құруда ресми Дамаск пен  БҰҰ-на қатысты.

Қазақ елі ұсынған алаңда тараптардың барлығы өз ойын ашық айтуға мүмкіндік алды. Тіпті бірін бірі сынап, айыптағандар да болды. Дегенмен, Шам жеріндегі қанды қырғынды тоқтату ісінде ілгері жылжу байқалады дейді қатысушалыр да, байқаушылар да. Бұл елордада өткен соңғы жиын емес. Сирия келіссөздерінің келесі кезеңі енді қазан айында өтеді деп жоспарланып отыр.

Хабар 24 телеарнасы