386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еурокомиссияда Ауғанстан әйелдерін Қазақстан мен Өзбекстанда оқыту бағдарламасы таныстырылды

  • 138
  • UPD: 10:07, 14.11.2019

Еурокомиссияда Ауғанстан әйелдерін Қазақстан мен Өзбекстанда оқыту бағдарламасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

БҰҰ-мен бірлескен бұл пилоттық жоба Еуроодақтың қолдауымен жүзеге асады. Еуроодақ бұл мақсатқа 2 миллион еуро қаражат бөлген. Таныстырылым барысында Қазақстан делегациясының басшысы, сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 1000 Ауғанстан азаматын оқыту бойынша алғашқы бағдарлама 2010 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынғанын еске салды.

Еурокомиссия және БҰҰ қызметкерлері Ауғанстанды қалпына келтіруге Қазақстанның қосып отырған үлесіне жоғары баға берді. Жалпы еліміз Ауғанстанда медициналық және білім орталықтарын салып және жолдар мен көпірлерді жөндеуге 80 миллион доллардан аса қаржы бөлген.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Ауғанстан қыздарының алғашқы тобы Қазақстанда оқып жүр. 30 адам Алматы менеджмент университетінде білім алады. Бұл бағдарламаның алғашқы кезеңі. Оның жемісін көрген еуропалық әріптестеріміз де көп ұзамай бағдарлама ауқымын кеңейтеді деген үміттеміз. Көрші елдерде оқитын Ауғанстан әйелдерінің саны артып, олар оқудан кейін Отанына оралып, елін қалпына келтіруге көмектеседі.

Рафаэлла Йодиче, Еурокомиссия бас директораты орталық азия бойынша басқармасының жетекшісі:

- Еуроодақ Ауғанстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқан. АҚШ-тан кейін бұл елге ең көп қаржы бөліп отырған біз. Бұл ел аймақтық деңгейде бірігуі керек деп санаймыз. Осы тұста Қазақстан мен Өзбекстанның маңызы зор. Бұл пилоттық жоба ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыздың тек бастамасы ғана. Біз үш елдің үкіметтерімен келіссөздер жүргізе бастадық және келесі жылы Ауғанстанға көмектің жаңа пакетін бөлеміз деп үміттенемін.

Хабар 24 телеарнасы