384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына барады

  • 218
  • UPD: 10:54, 14.11.2019

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономикасы астық өнімдерімен ғана емес, алтын мен кенге және сан алуан тамақ өнеркәсібіне негізделген өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады. Әрі көптен бері қордаланып қалған мәселелердің шешу жолдарын ұсынады. Жұмыс сапар сәске түс шамасында басталып, кеш бата аяқталады деп жоспарланып отыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ақмола облысында халықтың әл-ауқатын арттыруға зор көңіл бөлініп отыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм сынды салалар басым бағыттарға айналған. Облыс орталығын абаттандыру, жолдардың жайын жақсарту, қала берді тұрғын үй құрылысын жеделдетуге облыс қана емес, мемлекеттік деңгейде баса мән беріледі. Жақында ғана Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының жалғасы келер жылы осында өтеді деген шешім қабылданды. Жалпы мемлекет басшысы Президент лауазымына кіріскелі бері Ақмола облысына алғаш рет табан тірегелі тұр. Яғни, республиканың өзге аймақтарын түгел аралап шыққан Қасым-Жомарт Тоқаев ең соңынан болса да, көрікті Көкше жеріне арнайы сапарлайды. Көкшетау – үш жүздің басын қосқан Абылай сынды ханның ордасы әрі ұлттық өнердің ұйытқысы болған киелі мекен екенін ескерсек, облысқа деген көзқарастың ерекше болуы бекер емес. Сапар барысында өңір орталығында әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңес өтеді. Президент ұшақтан түсе сала, өңірдің өзекті деген мәселелерімен танысады. Бастысы, солардың шешімін айтады. Ал түс ауа аймақтағы бірқатар нысанды аралайды. Біріншісі – ет өңдейтін зауыт. Кешенде жылына 5 мың тоннаға дейін ет өңделеді. Ірі қара мен жылқы еті, шұжық өнімдерінің 15 түрі, ет консервілері және жартылай фабрикат өнімдер шығарылады.

Хабар 24 телеарнасы