419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанға Қазақстан тарапынан 16 тонна медициналық жүк жөнелтілді

  • 134
  • UPD: 23:25, 26.11.2020

Қазақстан гуманитарлық көмек ретінде Қырғызстанға 16 тонна медициналық жүк жеткізді.

Өкпені жасанды желдету аппараттары мен медициналық маскалар көрші елдің дәрігерлеріне коронавирус індетімен күресуге көмектеседі. Бұл жәрдем Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көрсетіліп жатыр.

Қазақстанның үш қаласы: Алматы, Шымкент және Көкшетаудан Қырғызстанға үш жүк көлігі жөнелді. Әрқайсысы осы қалаларда шығарылған медициналық құрал-жабдықты жеткізген. Арасында өкпені жасанды желдету аппараттары мен медициналық маскалардың екі түрі бар. Жалпы мұның бәрі 389 млн теңгеге бағаланып отыр.

Қайрат Нұрпеисов, Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Бауырлас қырғыз халқына коронавирус індетімен күресу үшін гуманитарлық көмек көрсетілді. Үкіметтің тапсырмасы бойынша жеткізу жұмыстарымен Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысқан.

Індеттің екінші толқыны басталған кезде Қырғызстанға өкпені жасанды желдету аппараттары ауадай қажет. Бұл құрылғылармен ең алдымен шалғайдағы елді мекендердің ауруханалары жабдықталып, екі миллион маска елдегі барлық медициналық мекемеге үлестіріледі. 

Эльвира Сурабалдиева, Қырғызстан Премьер-Министрінің әлеуметтік сауалдар жөнінде орынбасары:

– Бүгінгі жаңалықтарды көріп, шалғайдағы ауылдардың тұрғындары осы аппараттарды асыға күтеді деп ойлаймын. Біз оларды ашып көрдік, шағын әрі жеңіл, қолдануға ыңғайлы. Тағы бір артықшылығы: оған бір үлкен медициналық орталық қажет емес. Яғни шалғайдағы таулы ауылдарымызда орналасқан фельдшерлік-акушерлік орындарда пайдалануға болады.

Айта кетейік, қазан айының соңында Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев елімізге сапармен келген еді. Қазақстан басшылығымен өткізген келіссөздері барысында бауырлас халыққа гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданған.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы